16 сәуірде Шымкентте Әл-Фараби аудандық соты Түркістан облыстық "Қоғамдық келісім" мекемесінің басшысы, белсенді Мұхтар Мұхамбетжанның ісін жабық қарай бастады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Қоғам белсендісінің үстінен Қылмыстық кодекстің "Зорлау", "Жеке өмiрге қол сұғу және Қазақстанның дербес деректерін қорғау туралы заңнаманы бұзу", "Сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу" баптарымен қылмыстық іс қозғалған.
Мұхамбетжан "Тұрғын үй Шымкент" мекемесін басқарып тұрғанда 113 миллион теңге жымқырды" деп айыпталған. Істе зорлау айыбы болғандықтан сот жабық өтіп жатыр. Жәбірленуші тараптың кім екені де айтылмайды.
16 сәуірдегі сот отырысына айыпталушы және шағымданушы тараптың қорғаушылары қатысты.
Мұхамбетжан "зорлау оқиғасы болды деген уақытта қан қысымы көтеріліп ауруханада жатқанын" айтады.
"13 миллион теңге жымқырды деген айып тағылғанымен, дерек пен жәбірленуші жоқ. Мені тергеп жатқанда жанымда қорғаушым болмады. Қамаймыз деп, қорқытып-үркітіп, мойындатты" дейді ол.
Мұхтар Мұхамбетжан тағылған айыпты қоғамдық жұмыстарымен байланыстырады. Ол - аймақтағы мәселелерді көтеріп, түрлі қоғамдық шараларға қатысып жүретін белсенді.
ПІКІРЛЕР