Америкалық Time журналы биылғы ең ықпалды 100 адамның тізімін жариялады. Тізімде журнал 2019 жылы әлемге ықпалы зор болады деп тапқан саясаткерлер, актерлер мен ғалымдар бар.
Тізімдегі адамдарға ықпалы бойынша орын берілмейді. Азаматтар өз салалары мен атқаратын жұмыстарына қарай "Пионерлер", "Әртістер", "Көшбасшылар", "Беткеұстарлар" мен "Алыптар" деп бес санатқа бөлінген.
"Көшбасшылар" тізіміне енгендер қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп, өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси, климат өзгеруіне наразылық білдірген оқушылар ереуілін бастаған швед оқушысы Грета Тунберг бар. Бұл санатқа сондай-ақ Италия мен Бразилияның оңшыл популист басшылары Маттео Сальвини мен Жаир Болсонару кірген. "Көшбасшылар" қатарында Израиль премьері Биньямин Нетаньяху мен Рим папасы Франциск бар.
Журнал жасаған тізімдегі бес санаттың ешбіріне бірде-бір Ресей азаматы кірмеген. 2014-2017 жылдары ықпалдылар қатарында Ресей президенті Владимир Путин болған. Бірақ Путин Time тізіміне биыл да енген жоқ.
"Беткеұстарлар" санатына әнші Тейлор Свифт пен Леди Гага, сонымен бірге АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама кірген. Журнал "Алыптар" қатарына Египет футболшысы Мұхаммед Салахты, баскетболист Леброн Джеймс пен Facebook жетекшісі Марк Цукербергті жатқызған.
Time журналының әлемдегі ең ықпалды адамдар тізімі 2004 жылдан бері жыл сайын жарияланып келеді. Журнал бұған қоса, 1927 жылдан бастап әлем оқиғаларына ықпал еткен тұлғаларға "Жыл адамы" атағын берумен де танымал. 2018 жылы "жыл адамы" болып Эр-Риядты жиі сынайтын Сауд Арабия журналисі Жамал Хашогги танылған. Ол 2018 жылы қазанда Стамбулдағы Сауд Арабиясы елшілігінің аумағында өлтірілді. Бірнеше ел бұған Сауд Арабиясының тақ мұрагерін Мұхаммед бин Салманды айыптағанымен, Эр-Рияд журналист қазасына қатысы жоғын айтады.
ПІКІРЛЕР