Accessibility links

Қарағанды: Кәсіподақ жетекшісі вице-премьерге "биліктің қысымы" жайлы айтты


Қарағанды облысындағы "әлеуметтік шиеленістің алдын алу мәселелері бойынша" өткен республикалық кеңесте. Қарағанды. 18 сәуір, 2019 жыл.
Қарағанды облысындағы "әлеуметтік шиеленістің алдын алу мәселелері бойынша" өткен республикалық кеңесте. Қарағанды. 18 сәуір, 2019 жыл.

"Аманат" Қазақстан кәсіподақтары ынтымақтастығы" қауымдастығының төрағасы Андрей Пригорь өздеріне биліктің "қысым жасап жатқанын" айтты.

18 сәуірде Қарағандыда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында Пригорь мемлекеттік органдар "әкімшілік ресурсты тәуелсіз кәсіподақтарға қарсы қолданады" деді.

"Аманаттың" құрамына кіретін салалық кәсіподаққа көбіне бюджет саласында істейтін, әкімдіктерге тәуелді адамдар мүше болғандықтан олар кәсіподақтан шығып кетуі үшін [билік] бізді "оппозиционер" деп те атайтынын естідік. Мен прокуратура мен әкімдікке шағымдандым. Олар "саған бұл іске араласуға болмайды" дейді. Менің де оларға айтарым сол – мемлекеттік органдар кәсіподақтар жұмысына араласа алмайды. Бірақ араласып жатыр" деді Андрей Пригорь.

"Өңірдегі әлеуметтік шиеленіс өршіп бара жатқанын" айта бастағанда модератор жиын регламентіне сілтеп Пригорьдің сөзін бөлді. Сөзін аяқтай алмаған кәсіподақ жетекшісі вице-премьерге, министрге және облыс әкіміне өңірдегі соңғы жағдай сипатталған хатын ғана тапсырып үлгерді. Премьер орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова "Барлық мәселе заңмен қаралуы керек" деп жауап берді.

Нұр-Сұлтаннан Қарағандыға барған шенеуніктер қатысқан жиын ұзаққа созылмады. Кездесу кезінде әлеуметтік шиеленіске, жұмысшылардың жаппай қысқартуға және еңбек дауларына жол бермеу қажеттігі жайлы айтылды. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов "дау тууы мүмкін жағдайларды шұғыл шешуге дағдылану керек" деді.

Кәсіподақ өкілдері "жұмысшыларын басқа ұйымдарға қызмет етуге жіберуге әуес жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында дау болмас үшін аутстаффинг институтын реттеу керегін" айтты.

"Біздің міндетіміз – әлеуметтік шиеленіс пен еңбек дауларын, жаппай қысқарту жағдайларын болдырмау, шетелдік жұмыс күшін тартудың көбеюіне жол бермеу. Кейбір облыстарда квота сақталмайды" деді Бердібек Сапарбаев.

Вице-премьер мен еңбек министрі жиын аяқтала сала кездесу өткен жерден кетіп қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG