Сәуірдің 22-сі күні кешке қарай Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында Алматыда марафон кезінде ұсталған Айдос Нұрболатов, Айгүл Нұрболатова және Сүйінбике Сүлейменованың үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша сот басталды деп хабарлайды сот залынан Азаттық тілшісі. Істі судья Ержан Алдабек қарап жатыр. Үш азаматтың соты бір залда өтіп жатыр. Олардың жанында адвокаттары бар.
Аталған үш азаматтың үстінен "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бойынша (әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-бөлімі) хаттама толтырылған. Хаттамада белсенділердің марафон кезінде болған "заңсыз акцияға" белсене қатысып, шараны фото-видеокамераға түсіргені жазылған.
Сотқа журналистерді кіргізген. Бірақ өзін әкімдік өкілі ретінде таныстырған Бекжан Сарсенбаев есімді азамат процесс басталмай тұрып сотқа қатысушыларға "кешегідей сотта айғайлап, ұран көтермеңіздер, жаза тағайындалады" деп ескерту жасаған. Кеше, 21 сәуірде Алматы әкімшілік соты екі белсендіні 15 күнге қамау туралы шешім шығарған соң сот процесіне қатысушылар "масқара!" деп айғайлап, шешімге қарсылық білдірген еді.
22 сәуірде сот бастала салысымен адвокаттардың бірі Исаев есімді полицейді сотқа куә ретінде шақырту туралы өтініш берген. Адвокаттың айтуынша, "дәл осы адам "шындықтан қаша алмайсың" плакатын тек екі адамның ғана жайып жатқанын" көрген. Яғни, ол үш азаматтың акцияға қатысқанын-қатыспағанын айта алады.
Өтінішті қанағаттандырған судья жарты сағатқа үзіліс жариялаған.
Азаттық тілшісінің айтуынша, сот процесіне қатысушы адам саны барған сайын көбейіп жатыр. Сондықтан сот залына қосымша орындықтар қойылып жатыр.
Сәуірдің 21-і күні таңертең Алматыда марафон кезінде полиция бірнеше белсендіні ұстады. Ақпарат бойынша, олар жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор" (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар) деген жазуы бар баннерлерді іліп қойған.
Полиция оларды ұстап, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағып, әкімшілік іс қозғады. Кейінірек Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты екі белсендіні 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары сот шешімін апелляцияға беретінін айтты.
Қалған үш азаматқа полиция бүгін шақырту беріп, түсініктеме алған. Кейінірек сот болатыны хабарланды.
ПІКІРЛЕР