"Нұр Отан" партиясы кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі сынағын сәтті тапсырды. Бұл туралы 23 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің сөзінше, Тоқаев емтихан кезінде "Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері" деген тақырыпта шығарма жазған. Шерхан Мұртазаның "Мыңбұлақ" шығармасын таңдап, оқып берген. Ал үшінші турда "Қазіргі Қазақстанның геосаясаты" тақырыбында ойын айтқан.
"Бірінші шығарма жазғанда Абайдың поэзиясы, қара сөздері, оның жалпы халыққа беретін маңызы туралы бүгінгі үміткеріміз терең толғаған. Өте әдемі жұмыс. Бұл жұмыстан бірде-бір қате көргеніміз жоқ. Шерхан Мұртазаның "Мыңбұлақ" әңгімелер мен хикаяттар жинағының үш бетін мәнерлеп, ырғағымен өте әдемі оқып берді. Ал "Қазіргі Қазақстанның геосаясаты" жайында кең толғады, терең сөйледі. Жалпы біздің лингвистикалық комиссияның берген қорытындысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген" деді комиссия төрағасы.
Тоқаев - қазақ тілі сынағын тапсырған алғашқы кандидат.
23 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Нұр Отан" партиясының 19-съезінде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде Тоқаевты ұсынды. Партия мүшелері Тоқаев кандидатурасын бірауыздан қолдады.
19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев телеарна арқылы мәлімдеме жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын жариялаған. Сол кезде сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына президент етіп тағайындаған.
ПІКІРЛЕР