Accessibility links

Қарағанды тұрғыны сайлау жайлы баннер үшін қамалғандарды қолдап флешмоб өткізді


Қарағандылық белсенді Жанат Қамиев сайлау туралы акция өткізіп, 15 күнге қамалған алматылық белсенділерді - Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап, акция өткізіп тұр. Қарағанды, 24 сәуір 2019 жыл.
Қарағандылық белсенді Жанат Қамиев сайлау туралы акция өткізіп, 15 күнге қамалған алматылық белсенділерді - Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап, акция өткізіп тұр. Қарағанды, 24 сәуір 2019 жыл.

24 сәуірде Қарағанды тұрғыны Жанат Қамиев "Таңдауыңды жаса" деген жазуы бар плакат ұстап, қала ортасында жалғыз адамдық флешмоб өткізді. 41 жастағы тұрғынның сөзінше, ол Алматыдағы марафон кезінде #әділсайлауүшін деген хештег пен "Шындықтан құтыла алмайсың" деген жазуы бар баннер іліп, әкімшілік жауапқа тартылған жастарға осылайша қолдау білдіргісі келген.

Қамиевтің акциясын көрген жергілікті тұрғындар реакциясы әртүрлі болды: бірі үнсіз өтіп кетіп жатты, кейбірі жазуды оқу үшін аз ғана аялдады. Белсендіге қолдау білдіріп өткендер де бар. Қамиевтің акциясы жарты сағатқа созылды. Белсенді ештеңе деп ұрандатпастан не үндеу жасамастан, қолын жайған күйі үнсіз тұрды.

Кейін акция өтіп жатқан жерге екі полицей келіп, Қамиевке өздерін таныстырып, плакат ұстап шыққан себебін сұрады. Полицейлердің бірі тұрғынның бұл әрекеті "заңсыз" екенін айтып, Қамиев плакатын жауып, акциясын доғармаса, оның полиция бөлімшесіне жеткізіліп, әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті. Белсенді "ойымды білдірдім" деп плакатын жинады да, флешмоб өткізіп тұрған орнынан кетіп қалды.

- [Президент] Тоқаев сайлау әділ өтеді деді, ["Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен] Әшімбаев "Нұр Отан" бәсекеден қорықпайтынын айтты. Сайлау әділ өткенін қалаймын. Тоқаев пен Әшімбаевтың осы сөздерімен келісемін. Сондықтан шықтым. Наразылық білдіруге емес, әділ және адал сайлауды қолдап флешмобқа шықтым. Алматы белсенділеріне қатысты сот шешімімен мүлде келіспеймін. Олар сайлау идеясын қолдап қана шықты. Наразылық білдірмеді, тәртіп бұзбады, бірақ 15 тәулікке қамалып кетті. Билік жастарды қолдаудың орнына абақтыға жауып тастады. Билік әдейі халықтың ашуына тиіп жатқан сияқты, - деді Қамиев Азаттық тілшісіне.

21 сәуірде Алматы марафоны кезінде полиция бірнеше белсендіні жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin" (Шындықтан құтыла алмайсың. Менің таңдауым бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннер ілгені үшін ұстаған. Сол күні сот 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековке "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағып, 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары түсірген шағымды апелляциялық инстанция өзгеріссіз қалдырды.

Сотқа себеп болған ұран. Алматы. 21 сәуір, 2019 жыл
Сотқа себеп болған ұран. Алматы. 21 сәуір, 2019 жыл

Сот баннер ұстағандарға қатысы бар деп, "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен тағы үш белсендіге айыппұл салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG