Accessibility links

Amnesty International баннер үшін қамалған белсенділерді "ар-ождан тұтқыны" деп таныды


Сотқа себеп болған ұран. Алматы. 21 сәуір, 2019 жыл.
Сотқа себеп болған ұран. Алматы. 21 сәуір, 2019 жыл.

Amnesty International халықаралық ұйымы 21 сәуірде Алматы марафонында "Шындықтан құтыла алмайсың" деген баннер ұстап, акция өткізгені үшін 15 тәулікке қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті "ар-ождан тұтқыны" деп таныды.

Полиция оларды сайлау туралы "#меніңтаңдауымбар #adilsailayuzhin" деген хештегі бар баннер ілгені үшін ұстаған. Сол күні сот 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековке "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағып, 15 күнге қамаған. Ұйымның ресми мәлімдемесіне қарағанда, Төлесова мен Толымбеков "ойын бейбіт түрде білдіріп жатқанда ұсталған".

АІ акцияны түсірген тағы үш белсенді - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатоваға қатысты істі де атап өткен. Сот оларды да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп танып, айыппұл салған. Халықаралық құқық қорғаушылар "азаматтар ой еркіндігі мен бейбіт жиын өткізуге құқылы болғандықтан наразылар қылмыстық та, әкімшілік те жазаға тартылмауы керек еді" деп мәлімдеді.

Сондай-ақ ұйым Нұр-Сұлтанға "бейбіт жиындар туралы заңнаманы қайта қарауға" кеңес беріп, Төлесова мен Толымбековті "дереу" босатуға шақырған. Amnesty International мәлімдеуінше, Қазақстанда бейбіт жиын өткізуге "қатаң тыйым салынған".

24 сәуірде Қазақстанның Прагадағы елшілігі ғимаратының алдында бір топ жас Төлесова мен Толымбековті қолдап, акция өткізді. 22 сәуірде мұндай акция Алматыда өткен. 24 сәуірде Қарағанды тұрғыны қамалған белсенділерді қолдап жалғыз адамдық флешмоб ұйымдастырды.

Қазақстанда азаматтар құқығы мен еркіндігі бұзылады деген мәлімдені Нұр-Сұлтан бірнеше рет жоққа шығарған. Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 22 сәуірде "Шындықтан құтыла алмайсың" акциясын ұйымдастырған бес белсенді "заңнаманы бұзды" және "спорт шарасын өткізуге кедергі жасады" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG