Сәуірдің 25-і күні Конституциялық кеңес президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі заңға түсініктеме беру туралы өтінішіне жауап берді. Бұл бапта президенттіктен үміткерлерге қойылатын талаптар, оның ішінде кандидаттың "соңғы 15 жыл бойы ел аумағында тұруы" міндеттелген.
Конституциялық кеңес үміткердің Қазақстан аумағында 15 жыл тұрғанын тұрақты мекен-жайы бойынша тіркелген құжаты дәлелдейтінін хабарлаған. Мәліметке қарағанда, дипломатиялық қызметте немесе мемлекеті мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымда істеген азаматтың сырттағы қызмет мерзімі де ел аумағында тұруымен бірдей деп есептеледі.
Алдағы президент сайлауында "Нұр-Отан" партиясы атынан сайлауға қатысатын Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры болған. Конституция бойынша, Қазақстан президенті болып соңғы 15 жыл елде тұрған азамат қана сайлана алады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Тоқаевтың Конституцияда көрсетілген осы талапқа сәйкес-сәйкес еместігі жайлы мәселе көтерілген. 10 сәуірде Қазақстанның әділет вице-министрі Наталья Пан Қасым-Жомарт Тоқаевтың Женевада қызмет еткені оның президент сайлауына қатысуына кедергі емес деп мәлімдеген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген.
ПІКІРЛЕР