Сәуірдің 28-і күні Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, оны "Достық" орденімен марапаттады деп хабарлады тұңғыш президенттің баспасөз қызметі.
"Достық" ордені - Қытайдың шетел азаматтарына беретін ең жоғары мемлекеттік марапаты.
Си Цзиньпинмен кездесу кезінде Назарбаев Қытаймен "өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың осындай деңгейіне қол жеткізу үшін жұмыс істедім, осы жылдары арамыздағы барлық өзекті мәселелер шешімін тапты" деп айтқан.
"Қытай мемлекеті Қазақстан үшін көршілес ел және экономикалық серіктес қана емес, сонымен бірге сенім артып, тірек санайтын біздің жақын досымыз" деді Назарбаев.
Бұған дейін мемлекеттік БАҚ Нұрсұлтан Назарбаевтың "Бір белдеу - бір жол" форумында сөз сөйлеп, "жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жолдары" туралы айтқанын хабарлаған.
Пекиннің триллион долларлық "Бір белдеу - бір жол" жобасы Қытайды әлемнің шамамен 150 елімен жалғап, сауда қатынасын дамытуға бағытталған деп айтылады.
Бұған дейін АҚШ және ЕО елдерінің көбі Қытайдың бұл жоба аясында аймақтық инфрақұрылым жобаларын несиелендіруін сынаған. Атап айтқанда, олар кейбір дамыған елдердің соның нәтижесінде қарызға батып, қайтаруға шамасы жетпей қалатынын атап өткен.
2013 жылы іске қосылған жоба аясында Пекин түрлі жобаларға 90 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған. Қытай банкінің шетел үкіметтеріне берген қарыз көлемі шамамен 200 миллиард долларды құраған.
ПІКІРЛЕР