Accessibility links

Батыс пен Қытай саясатын салыстырған Назарбаев Пекинді мақтады


Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Бір белдеу - бір жол" форумының ашылу салтанатында сөйлеп тұр. Пекин, 26 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Бір белдеу - бір жол" форумының ашылу салтанатында сөйлеп тұр. Пекин, 26 сәуір 2019 жыл.

Қытай мемлекеттік басылымдары "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысуға барған Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алған. Назарбаев сұхбатта "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасының "тиімділігі" мен Нұр-Сұлтан-Пекин қатынасы туралы айтады.

"Жэньминь жибао" газетінің жазуынша, Назарбаев "басшылары жиі кездесетін, барлық бағыт бойынша серіктес Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасына жоғары баға берген". "Қытай мен Қазақстан – жақын көрші. 1700 шақырым созылып жатқан ортақ шекара – достық пен серіктестік шекарасы" дейді ол.

Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан Назарбаев "жобалар тиімділігін" айтқан.

"Бір белдеу – бір жол" бағдарламасын АҚШ пен Еуропа одағына мүше көп ел сынаған. Батыс елдері "Пекин дамушы елдерге әлгілер төлей алмайтын қарыз беріп жатыр" деп сөккен. Назарбаев баспасөз қызметі Қытайдан қарыз алу "қорқынышы" жайлы айтқан видеосын жариялады.

- Қытай компаниялары Қазақстан мұнайының 20 пайызын өндіреді. Қазақстанда Қытай үлесі бар 1200-ден аса компания жұмыс істейді. Қытай бізде ғана емес, тұтас әлемде – Африкада, Азияда, Оңтүстік Америка мен басқа да бірнеше елде жұмыс істейді. Олардың бәрі "Қытай бізге өз шарттарын таңған емес. Біз сияқты өмір сүріңдер деп айтқан емес" деп айта аларына сенімдімін, - дейді Назарбаев.

Экс-президенттің сөзінше, "Қытай Батыс елдері сияқты өмір сүруді үйретпейді".

- [Батыс елдері] "Біз сендерге көмектесеміз, сендер біз сияқты болыңдар" дейді. Біз олар сияқты бола алмаймыз. Біз - қазақпыз, олар - неміс. Немесе сендер - қытай, олар - америкалық. Сондықтан Қытайдың осы саясаты бәріне ұнайды. Бәрі осы үшін тартылады, - дейді Назарбаев.

Назарбаев Қытайға 25 сәуірде жетіп, 26 сәуірде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысқан. 28 сәуірде Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Назарбаевпен кездесіп, оны "Достық" орденімен марапаттағаны хабарланды. "Достық" ордені - Қытайдың шетел азаматтарына беретін ең жоғары мемлекеттік марапаты. Қытай басылымдарының жазуынша, Си Цзиньпин Назарбаевты "ескі әрі жақын дос" деп атаған.

Қытай - Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Оның қаржы құятын жобалары әртүрлі. Мұнай, газ, алтын, күміс өндіріп, арзан кредит беруге ұмтылып жатыр. Қытай Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және тразит аймағы ретінде пайдаланады. Былтыр Қытай Қазақстанға 2 миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит берген. Нұр-Сұлтанның Қытайға қарызы 12 миллиард доллардан асады.

2013 жылы басталған құны бір триллион долларға бағаланған "Бір белдеу – бір жол" жобасы Қытайды Еуропамен, Африка және Азия елдерімен байланыстыратын теміржол, порттар мен энергетикалық инфрақұрылымдар салуға бағытталған.

Пекин бағдарлама аясында алты жылдан бері түрлі жобаларға 90 миллион доллар инвестиция құйған. Қытай билігінің басқа ел үкіметтеріне берген қарызы шамамен 200 миллиард долларға жеткен.

"Бір белдеу – бір жол" бағдарламасын АҚШ пен Еуропа одағына мүше көп ел сынаған. Батыс елдері "Пекин дамушы елдерге қарыз береді. Ал дамушы елдердің қарызды төлеуге мұршасы келмей қалады" деп сөккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG