БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш Қытай жетекшісі Си Цзиньпинмен кездесіп, Шыңжаңдағы мұсылмандардың жағдайын талқылады. Кездесуде Гуттериш Қытай билігін адам құқығын сақтауға шақырған. Бұл туралы 29 сәуірде БҰҰ баспасөз хатшысы Стефан Дуджарич хабарлады.
Гуттериш Си Цзиньпинмен әңгімеде "терроризм мен экстремизммен күрес жағдайында да адам құқығы толық сақталуы керек" деген. Кездесу 26 сәуірде Пекинде өткен.
Осыған дейін Human Rights Watch ұйымының атқарушы директор Кеннет Рот америкалық Washington Post газетіне мақала жариялап, Гуттеришті "адам құқығы мәселесі жайлы ауыз ашпай отыр" деп айыптады. Осыдан кейін БҰҰ баспасөз қызметі Гуттериш пен Си Цзиньпин кездесуі туралы хабарлама таратты.
2017 жылдан бастап халықаралық ұйымдар Қытай билігін Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалап жатыр деп айыптап келеді. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарған. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.
Құқық қорғаушылар мен лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда отырған адамдарға қысым жасалатынын айтқан.
ПІКІРЛЕР