Accessibility links

Будапешт пен Торонтода Алматыда қамалған белсенділерді қолдау акциясы өтті


Қазақстанның Венгриядағы елшілігі алдында Алматыда қамалған белсенділерді қолдап акция өткізген жастар. Будапешт, 30 сәуір 2019 жыл.
Қазақстанның Венгриядағы елшілігі алдында Алматыда қамалған белсенділерді қолдап акция өткізген жастар. Будапешт, 30 сәуір 2019 жыл.

30 cәуірде Венгрия университеттерінде оқитын бір топ жас Қазақстанның Будапешттегі елшілігі алдына жиналып, Алматыда марафон кезінде баннер ілгені үшін 15 тәулікке қамалған белсенділерді қолдап акция өткізген.

"Үйімізден жырақта болсақ та, Қазақстан өміріне әсер еткіміз келді" деп жазады Азаттыққа аты-жөнін атамаған студент.

"Шындықтан қашып құтылмайсың", "Әсия мен Бейбарысқа бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған жастарға Қазақстан елшілігінен әлдебір қызметкер шығып, талаптарын сұраған. Мұнан соң елшілік қызметкері "өткізетін митингіні 48 сағат бұрын тіркеу керек" деген заң барын айтқан.

30 сәуірде мұндай акция Канадада да өткен. Бірнеше азамат "Бізге шындық қажет", "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар плакаттар ұстап, Торонтодағы Си-Эн Тауэр мұнарасы алдында суретке түскен.

Бұған дейін Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия мен Италияда оқитын қазақстандық студенттер Алматыда қамауда отырған Төлесова мен Толымбековті қолдап, өздері біліп алып жатқан елдерде "Шындықтан қашып құтылмайсың" акциясын өткізген еді.

28 сәуірде Нұр-Сұлтанда да бір топ жас азамат қамаудағы екі белсендіге қолдау білдірген. 29 сәуірде полиция оларды тергеп, сот "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы туралы сұраған.

29 сәуірде Алматы әкімшілік соты қаладағы әл-Фараби даңғылы бойындағы көпірге Қазақстан Конституциясындағы "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деген бабы жазылған баннер ілген Роман Захаровты бес тәулікке қамау туралы шешім шығарған еді. Алайда бірнеше сағаттан кейін билік оған тағайындалған қамау жазасын 5 айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге) мөлшеріндегі айыппұлға алмастырды.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатоваға "митинг өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанды отыз жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президент қызметінен кенеттен кеткен соң өткелі жатқан алғашқы сайлау. Назарбаев президенттіктен кеткенімен, қолындағы біраз құзыретті сақтап қалған. Бұрынғы президенттің қарсыластары мен құқық қорғаушылар Қазақстанды Назарбаев басқарған кезде билік елде азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектеп, өзгеше ойлайтындарға қысым көрсетті деп санайды. Билік "Қазақстан демократиялық бағытта дамып келеді" деп, айыптаулармен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG