Accessibility links

Алматыда жүздеген адам билікке наразылық білдірді


Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағында наразылық білдірген азаматтар. 1 мамыр 2019 жыл.
Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағында наразылық білдірген азаматтар. 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағында жиналған ондаған адам билікке наразылық білдірді. Олар "Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгергеніне, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның сенат спикері болғанына қарсымыз!" деп айқайлады.

Саябақта өтіп жатқан мерекелік шара кезінде қойылған ән дауысы қатты шыққандықтан, азаматтар микрофон ұстап сөйледі.

Наразылардың бірі "ақпанда туындаған көп балалы аналар мәселесін билік әлі шеше алмай отыр" деді. Қолына бала ұстаған азамат "Қазақстанның нағыз қайраткерлері түрмеде отыр, қылмыскерлер – билікте" деп айқайлады.

Сөйлегендер арасында Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсылық білдіргендер де болды. Мұнан соң азаматтар "Масқара!" деп айқайлап, саябақ ішін кезіп жүріп өтті. Наразылар Қазақстан әнұранын шырқап, бұрынғы президент Назарбаевты "диктатор" деп сынады.

Бүгнігі наразылық кезінде 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған үндеулер де естілді. "Қазақстанда демократия болғанын, лайықты кандидаттар болғанын, сайлау әділ өткенін қалаймыз. Қазақстанның еркін ел болғанын қалаймыз" деді олар.

Наразылар "Шындықтан қашып құтылмайсың" деп айқайлады. 21 сәуірде Алматы марафоны кезінде жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков осы сөз жазылған баннер ілгені үшін сот шешімімен 15 тәулікке қамалған. Құқық қорғау ұйымдары оларды "ар-ождан тұтқыны" деп таныған.

Саябақ ішінде түрлі ұран айтып, билікке талап қойған наразыларға Алматының Медеу ауданы прокуроры Асхат Жақыпов "митинг өткізу үшін рұқсат алу қажеттігін" ескертті. Алайда наразылар прокурорды елемей, "Оян, қазақ!" деп айқайлады.

Наразылар қалаға шықпақшы болғанда полиция саябақ қақпасын жауып қойды. Азаматтар "Масқара!" деп айқайлап, полицейлерден есікті ашуын талап етті.

Билікке әлеуметтік және саяси талаптар қойған наразы азаматтар. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Билікке әлеуметтік және саяси талаптар қойған наразы азаматтар. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Шамамен 20 минуттан соң сол жерге келген Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мәкежанов наразыларды мерекемен құттықтап, "айтқандарыңыз орынды" деді. Бірақ азаматтар оған сөйлеуге мұрша бермей, саябақ қақпасын ашуды талап етті. "Әңгімеге тойдық, президенттен бастап бәрің биліктен кетіңдер!" деді наразылардың бірі әкімге.

Митинг өткізуге рұқсат алу қажеттігін айтқан әкімге наразылар "бәрібір рұқсат етпейсіңдер ғой!" деп айқайлады.

Мұнан соң әкім Мәкежанов наразылармен жеке-жеке сөйлесе бастады. "Менен ешкім сұраған жоқ!" деп ел астанасының Нұр-Сұлтан аталуына қарсы шыққан азаматқа әкім "Сенен біреу сұрауы керек деп қай заңда жазылған?" деп жауап берді.

Әкім наразы жұртпен сөйлесіп тұрған кезде саябақ қақпасы ашылды. Адамдар эмоциясы біршама бәсеңдегенімен, наразы топ Медеу ауданы әкімімен сөйлесе бастады. Оларды арнайы полиция жасағы бақылап тұрды.

Тікелей эфир: Алматы мен Нұр-Сұлтандағы наразылық

​Бас прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.

Оған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG