1 мамырда Нұр-Сұлтанда полиция мен арнайы жасақ наразылыққа шыққан ондаған адамды ұстап әкетті. Жиналғандар сол маңдағы полиция өкілдеріне талаптарын айтып тұрғанда арнайы жасақ өкілдері келіп, адамдарды жаппай ұстап, автобусқа күштеп кіргізе бастады.
Сол маңда жүрген Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің өкілі Бақытжан Малыбаев Азаттық тілшісіне "ұсталған адамдар заңды бұзды" деп қысқа ғана жауап берді.
Нұр-Сұлтандағы наразылық үш сағаттай уақытқа созылды. Полиция өкілдері халыққа "ойларыңызды айтуға рұқсат бердік, енді тараңыздар, тарамасаңыздар ұстаймыз" деп ескерту айтты. Наразылардың кейбірі полиция талабын орындамай, шеру өтіп жатқан маңайдан кетпей тұрып алды. Кейін арнайы жасақ сол маңда тұрған адамдарды жаппай ұстай бастады. Полиция ұсталған адамдарды қайда алып кеткені белгісіз.
1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халықтың пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айғайлады.
ПІКІРЛЕР