Accessibility links

Ақтөбеде ондаған адам сайлаудың әділ өтуін талап етті


Тұңғыш президент атындағы орталық саябаққа жиналған адамдар. Ақтөбе, 1 мамыр 2019 жыл.
Тұңғыш президент атындағы орталық саябаққа жиналған адамдар. Ақтөбе, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Ақтөбедегі тұңғыш президент саябағына ондаған адам жиналып, билікке наразылық білдірді.

Бірлік күніне орай ұйымдастырылған концерт аяқталған соң сағат 13.00-ге қарай белсенділер бір жерге жиналып, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауы мен елдегі әлеуметтік жағдай туралы пікірлерін айтты. Олар сайлаудың әділ өтуін талап етіп, "Нұр-Сұлтан менің қалам емес!", "Тоқаев менің президентім емес!" деп айқайлаған.

Наразыларға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мен Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испанов келіп, "жиынның заңсыз екенін" ескертті. Билік өкілдері наразылардың талабына "Сайлау әділ өтеді. Қоғамдық ұйымдар арқылы сайлауды бақылауларыңызға болады" деп жауап берді.

Наразылар билік өкілдерінің ескертуінен соң да тарқаған жоқ. Жиналғандарды полиция мен қарапайым киім киген бірнеше азамат сырттай бақылап жүрді. Сол маңайда бірнеше автобус тұрды.

Біраздан соң шенеуніктер мен әкімдік қызметкерлері наразылардың әрқайсысын жеке-жеке шақырып, сөйлесе бастады. Екі сағаттан астам уақыттан кейін наразылар біртіндеп тарап кетті.

1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, Қарағанды мен Шымкентте наразы адамдар жиналып, билікке талап қойды.

Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Тікелей эфир: Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық

​Бас прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.

Оған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG