Accessibility links

Шымкент соты "терроризм" бабымен айыпталған Маxаматовты 8 жылға соттады


"Терроризм" бойынша айыпталған Ділмұрат Махаматов сот залында адвокатымен сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.
"Терроризм" бойынша айыпталған Ділмұрат Махаматов сот залында адвокатымен сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты 2018 жылы "Сауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған", елде "терроризм" бабы бойынша айыпталған Ділмұрат Маxаматовты сегіз жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Істі қараған судья Сәбит Төреxанов Ділмұрат Маxаматовты "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" және "терроризмдi насихаттау немесе терроризмге шақыру" бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Айыпталушы Ділмұрат Маxаматовтың өзі Азаттық тілшісіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Адвокаты Сапарәлі Абылаевтің айтуынша, "сот барысында Махаматовтың кінәсін дәлелдейтін қажетті айғақ" көрсетілмеген.

"Діни сарапшылардың жауабы мен аудиожазба дәлел ретінде берілді. Аудиожазбаны интернетке кім салғаны да белгісіз" дейді Сапарәлі Абылаев.

Ділмұрат Махаматовтың ісі сотқа 21 наурызда түсіп, 4 сәуірде қарала бастады. Айыпталушының талап-тілегіне байланысты жабық өткен сот процесіне оның ағасы мен адвокаты, прокурор ғана қатысты. Ақпарат құралдары сот отырысына жіберілмеді.

2018 жылы қазан айының ортасында мемлекеттік БАҚ Сауд Арабиясында "заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан" "салафит ағымының өкілі" Сарыағаш ауданында туып өскен Дильмурат Махаматовтың ұсталғанын хабарлаған.

Сол кезде ақпарат құралдарына хабарлама таратқан полиция Махаматовтың "бұл елде жүріп, интернет арқылы қазақстандықтарға заңсыз үгіт-насихат жүргізгенін" айтқан еді. Кейінірек жергілікті БАҚ Қазақстан өтінішімен оны елге экстрадициялағанын жазды.

Қазақстанда соңғы жылдары өздерін "түрлі діни ағым өкілдеріне жатқызған" ондаған адам терроризм бабы бойынша айыпталып, түрмеге қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG