Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы 3 мамырда ОСК баспасөз қызметі қызметі хабарлады.
"Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналды, олардың 313 653-і жарамды деп танылды" делінген ОСК ресми сайтында жарияланған хабарламада.
23 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде Тоқаевты ұсынған. Партия мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдап, Тоқаевты саяси ұйым атынан президенттікке үміткер етіп бекіткен.
Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Солардың арасында Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.
Ал Сәді-Бек Түгел ("Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы), Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы),Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.
Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін кенеттен тоқтатып, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен Тоқаев 9 сәуірде жасаған мәлімдемесінде Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.
1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.
ПІКІРЛЕР