4 мамырда Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 1 мамыр күні қаладағы "Ордабасы" алаңында ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген белсенді Марат Құдайбергеновтің үстінен қозғалған әкімшілік істі қарап, белсендіге ескерту берді.
Құдайбергеновтің үстінен "құқық қорғау орган өкіліне бағынбау" бабы (Әкімшілік кодекстің 667-бабы, 1-бөлімі) бойынша іс қозғалған.
Белсендінің өзі 1 мамыр күні ешқандай наразылық шарасына қатыспағанын, бірақ сонда да үйінен шыға полиция ізіне түскенін айтады. "Ордабасы" алаңына бара жатқан кезде құқық қорғау қызметкерлері оны тоқтатып, "белгісіз қылмыстық іс бойынша куә ретінде полиция бөлімшесіне баруын" сұраған.
- Мені Тараз қаласында болған әлдебір қылмыстық іске куә ретінде полиция бөлімшесіне баруымды сұрады. Көрсеткен құжаттарының бәрі көшірме. Бірде-бір мөр басылмаған не қол қойылмаған. Сондықтан олармен бірге бөлімшеге барудан бас тарттым, - деген еді белсенді бұған дейін Азаттық тілшісіне.
Құдайбергеновтің айтуынша, 1 мамыр күні "Ордабасы" алаңына жеткен кезде полиция оны ұстап, бөлімшеге апарған, онда жеті сағат отырған". Сәл кейінірек оның үстінен әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болған.
4 мамыр күні болған сотта прокурор Нәрімбетова Марат Құдайбергеновті кінәлі деп танып, бес тәулікке қамауға алуды сұрады. Кеңесу бөлмесінен шыққан судья Айнұр Оспанова белсендіні кінәлі деп танып, бұрын-соңды құқық бұзбағанын ескеріп, ескерту берді.
4 мамыр күнгі сот процесі ашық болғанмен полицейлер мен прокурорлар қарсылық танытқаннан кейін сот журналистерге аудио жазып, видео-сурет түсіруге тыйым салды.
1 мамырда Шымкенттегі "Ордабасы" алаңындағы "Жер ана" монументінің алдына он шақты адам жиналып, елдегі әлеуметтік проблемалар мен сайлауға байланысты пікірлерін білдірді. Алаңды полиция қоршап, маңындағы көшелерді уақытша жапты.
Бұл күні Алматы мен Нұр-Сұлтан және елдің өзге де қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар билікке түрлі талап қойған. Олардың арасында елде әділ сайлау өткізу, астананың бұрынғы атауын қайтару, елде АЭС салмау, белсенділерді қудаламау сияқты талаптар болды. Полиция наразылық шарасына қатысқан ондаған азаматты ұстады. 2 мамырдан бері ұсталған азаматтар әкімшілік жазаға тартылып жатыр.
ПІКІРЛЕР