Accessibility links

Мюнхенде қазақстандық белсенділерді қолдау акциясы өтті


Мюнхендегі қолдау акциясы. 4 мамыр 2019 жыл.
Мюнхендегі қолдау акциясы. 4 мамыр 2019 жыл.

Германияның Мюнхен қаласында 4 мамырда бір топ азамат өткен айда Алматыда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер ілгені үшін қамалған қазақстандық белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап акция өткізді.

Акцияға қатысушылардың (аты-жөндерін атағысы келмеді) Азаттыққа жіберген суретінде Мюнхеннің Marienplatz алаңында тоғыз Қазақстан азаматының "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ұстап тұрғаны көрінеді. Олардың қолында сонымен бірге "Әділ сайлау үшін", "Менде таңдау бар" деген жазуы бар плакат болған, бұған қоса шараға қатысқандар Қазақстанның мемлекеттік туын да ұстап тұрған.

"Мақсат - Германия тұрғындарының назарын аударту емес, Қазақстандағы азаматтарды қолдау, әділ сайлаудан үміттенген жастар толқынына дем беру. Полициядан рұқсат сұрадық. Бөлімшеде мұндай жиын өткізу үшін рұқсат сұраудың қажеті жоғын айтты - "қоғамдық тәртіпті бұзбасаңыздар болғаны" деді. Жанымызда көп полиция болды, бірақ ешкім ештеңе сұраған оқ. Айналада жүрген адамдар бізді суретке түсіріп, "не үшін мұны жасап отырсыздар?" деп сұрады. Сұрағандарға түсіндірдік" деп жауап берді Мюнхендегі акцияға қатысушылардың бірі.

Сәуір айының аяғында Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында осыған ұқсас қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада мен Италияда, АҚШ, Нидерландыда да өтті. "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер Лондондағы марафон кезінде жол бойынан көрінген.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамап, шараны түсірген тағы үш азаматқа "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыппұл салған.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

29 сәуірде Алматы соты белсенді Роман Захаровты қаладағы Достық пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы жазылған баннер ілгені үшін бес тәулікке қамауға шешім шығарған. Кейін апелляциялық сот алқасы әкімшілік қамау жазасын айыппұлмен (5 АЕК немесе 12 625 теңге) ауыстырды. Захаровқа "ұзақ бұзақылық жасау" бабы бойынша айып таққан полиция оны "қоғамдық орынды ластағаны" үшін жауапқа тартқанын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков 6 мамырда таңертең қамау орнынан бостандыққа шығуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG