Accessibility links

Баннер үшін қамалған Төлесова мен Толымбеков мерзімінен бұрын босап шықты


Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.
Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.

Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков 5 мамыр күні кешке босап шықты. Бұл туралы Азаттыққа Әсия Төлесова айтты.

Төлесованың сөзінше, оларды босату туралы шешімді түрме әкімшілігі бүгін, 5 мамырда жүргізілген медициналық тексеруден соң қабылдаған.

- Бейбарыстың қан қысымы жоғары болған екен. Менің де денсаулығымның әлсірегені анықталды. Мұнан соң түрме әкімшілігі бізге бүгін босататындарын хабарлады. Салмақ тастадым. Бірақ қазір халім жақсы, - деді ол.

Төлесованың анасы Жанар Жандосованың Азаттыққа айтуынша, 5 мамырда кешкі сағат 19.30-да Әсия түрмеден телефон шалып, өздерін босатып жатқанын айтқан. Екі белсендіні үйге түрме қызметкерлері әкелген.

- Әсия мен Бейбарысқа кесілген 15 тәулік жаза мерзімі 6 мамырда 9.00-де аяқталуы керек еді. Түрме әкімшілігі ертең жұрт жиналады деп қорықса керек. Екеуі де сергек отыр, жағдайлары жақсы, - деді ол.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін екі белсендіні - 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған еді.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Ал Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG