Accessibility links

Ақтөбеде белсенді Алмас Ақдәулетті полиция ұстап әкетті


Ақтөбедегі Тұңғыш президент саябағына жиналғандар. 1 мамыр 2019 жыл.
Ақтөбедегі Тұңғыш президент саябағына жиналғандар. 1 мамыр 2019 жыл.

9 мамырда Ақтөбеде жергілікті белсенді Алмас Ақдәулетті туысының үйінен полиция ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әкесі Мейірxан Ақдәулетұлы хабарлады. Әкесі ұлының қазіргі жай-күйінен бейxабар.

29 жастағы Алмас Ақдәулет - 1 мамыр күні Тұңғыш президент саябағына барып, наразылық білдіргендердің бірі. Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова Алмас Ақдәулеттің ұсталғанын растады. "Қазір жібереді, басқа ештеңе айта алмаймын" деді ол.

Мейірxан Ақдәулетұлы 1 мамырда өткен митингіден бері Ақтөбе әкімдігінің "ұлыңды көшеге шығарма" деп бірнеше мәрте xабарласқанын айтады. Елеусінова "Таныс адам болған соң баласы біреулердің ықпалында кетіп қалар деп 1 мамыр күні де, кеше де Мейірxан Ақдәулетұлына xабарласқаным рас" деді.

Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов "Мерекелік шара кезінде ешқандай тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Полиция ешкімді ұстамады. Алмас Ақдәулеттің не үшін ұсталғанынан бейxабармын" деді.

9 мамыр күні Ақтөбеден бөлек Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында белсенділер ұсталған. Атырау қаласында да белсенділердің ұсталғаны хабарланды. Алматы полициясы бөлімшеге әкеткендер арасында Vlast.kz сайтының журналисі Данияр Молдабеков те бар.

9 мамыр таңертеңнен бастап Қазақстанда бірнеше БАҚ бұғатталған. Оның ішінде Азаттық радиосының сайты да бар. Билік бұғаттауға қатысты әзірге түсінік берген жоқ.

Бұған дейін елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов Қазақстанның бірнеше қаласында 9 мамыр күні "Мәңгілік полк" шеруімен қатар митингіге шығуға шақырған.

Қазақстан билігі азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескерткен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бейбіт жиын өткізуге рұқсат алу қажетін айтқан.

Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. 1 мамырда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағандыда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG