Латвия сеймі (парламенті) Совет одағы кезінде Қырым татарларының депортациясын геноцид деп таныды. Латвия депутаттары бұл шешімді депортацияның 75 жылдығы қарсаңында қабылдады.
Сейм Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын сынап, бұл саясатты Қырым татарларына қысым деп атады.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Ресейді Қырым татарларын қудалау саясатын жүргізіп отыр деп қатаң сынайды. Түбек аннексияланған соң Қырым татарларын тұтқындап, жоғалған және қаза тапқан оқиғалар болған. Ал Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы - меджлисті Ресей билігі экстремистік ұйым деп танып, тыйым салған.
Мәскеу "Қырым татарларына қысым жасалып жатыр" деген айыптауларды жоққа шығарады. Ал Қырымды аннексиялап алғанын тарихи әділдіктің орнауы деп бағалайды.
1944 жылы 18 мамырда Қырым түбегінен Орталық Азияға Қырым татарларының алғашқы легі жөнелтілді. Үш күнде Қырымнан Орталық Азия елдері мен Сібірге 180 мыңнан астам адам күштеп қоныстандырылды. Олардың 30 мыңнан астамы алғашқы жылы аштық пен суықтан құрбан болды. Украинада жыл сайын депортация құрбандарын еске алады. Ресей билігі 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң Қырым татарларының белсенділеріне бұл күні көпшілік шаралар ұйымдастыруға тыйым салған.
ПІКІРЛЕР