Accessibility links

Өзбекстанда бұғатталған "Америка дауысы", BBC және өзге сайттар қайта ашылды


Интернетті блоктау. Авторы Ғалым Смағұлұлы.
Интернетті блоктау. Авторы Ғалым Смағұлұлы.

Өзбекстанда бұған дейін бұғатталып келген бірқатар жергілікті және шетел сайттары қайта ашылды. Бұл ақпаратты Өзбекстан президенті әкімшілігі жанындағы ақпарат және қоғамдық коммуникация агенттігінің директоры Комил Алламжонов Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

Шенеунік бұл сайттардың "техникалық ақауларға" байланысты жабық болғанын айтқан.

"Зерттеу қорытындысы бойынша Өзбекстанда аталған веб-ресурстардың толық жұмыс істеуіне кедергі жасаған белгілі бір техникалық ақаулар анықталды және оларды жою бойынша қажетті шаралар қолданылды. Бүгіннен бастап Voice of America ("Америка дауысы"), Amerika ovozi, BBC Uzbek, Deutsche Welle, Amnesty International, Human Rights Watch, Reporters sans frontieres, Eurasianet.org, AsiaTerra, Fergana Agency, Centre1, Uzmetronom және өзге де шетелдің жаңалық тарататын веб-сайттары толық ашылды" деп жазды Алламжонов жазбада.

Азаттықтың Өзбек қызметінің сайты - Озодлик радиосы "қайта ашылған" ресурстар тізімінде болмады.

10 мамырда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир Өзбекстанда сайттардың қайта ашылуын жылы қабылдап, құптады. Ол бұл мәселені Өзбекстан билігімен кездесуде қозғағанын айтты. Ол сонымен бірге жақын арада Өзбекстанда Азаттықтың Өзбек қызметінің сайтының да ашылатынына үміт білдірді.

Ақпарат құралдарындағы дерекке сәйкес, жоғарыда аталған сайттар Өзбекстан аумағында 2005 жылы мамыр айында болған Әндіжан оқиғасынан кейін жабылған.

2005 жылы 13 мамырда Әндіжан қаласында алаңға шыққан жұртқа Өзбекстан полициясы оқ жаудырып, ресми дерек бойынша 187 адам қаза тапты. Құқық қорғау ұйымдары мен оқиға куәгерлері қаза тапқандардың саны одан да көп екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG