Accessibility links

Министр Жұмағалиев 9 мамырдағы бұғаттау туралы сұрақтан қашқақтады


Қазақстан цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев. Нұр-Сұлтан, 15 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев. Нұр-Сұлтан, 15 мамыр 2019 жыл.

15 мамырда өткен Қазақстан мәжілісінің отырысынан соң цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 9 мамыр күні қатарында Азаттық радиосы бар бірнеше БАҚ пен әлеуметтік желінің бұғатталуына қатысты жауап берді.

"9 мамырдағы бұғаттауға сіздің министрлік жауапты деп айтылды. Бұған қатысты не айтасыз?" деген журналиске министр Жұмағалиев "[9 мамырда] не болды?" деп қайтара сұрақ қойды. Оның сөзінше, министрлікке интернет сапасы туралы "әлі ешкім сұрақ қоймаған".

- Жарайды, қарап көреміз. Техникалық мәселелердің бәрін қарап көреміз. Себебі, сіздер сауалды қазір қойып тұрсыздар. Бұған дейін интернеттің сапасы туралы ешкім сұрамаған, ешқандай сауалхат келіп түспеді, - деді ол.

Министр "9 мамырда өзіңіз интернетте еркін отырдыңыз ба? Бұғаттау мәселесін бұған дейін естіген жоқсыз ба?" деген журналистер сұрағын естігенімен, жауап берместен кетіп қалды.

14 мамырда журналистер сұрағына жауап берген Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "өз ведомствосының байланысқа жауап бермейтінін" айтқан. "Провайдерлердің хабарлауынша, техникалық ақаулар болғаны рас" деді министр.

9 мамырда Қазақстан қалаларында полиция бақылауы күшейіп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырауда бірнеше тұрғын ұсталған. Кешкісін Атырау мен Нұр-Сұлтанда полиция әкеткен бірнеше адам босағаны белгілі болды. Қазақстан халқы 9 мамырда Жеңіс күнін атап өтті. Елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы азаматтарды 9 мамыр күні митингіге шығуға шақырған.

Осы күні елде бірнеше сайт, әлеуметтік желілер ашылмай қалды. Қазақстандық қолданушылар екі жылдай уақыттан бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді. Дәурен Абаев Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі кезінде де өз ведомствосының бұған "қатысы жоғын" бірнеше рет айтқан.

Әлемдегі интернет еркіндігін бақылайтын халықаралық NetBlocks тобының атқарушы директоры Альп Токер "9 мамырдағы бұғаттау жоғары деңгейде ұйымдастырылған" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG