АҚШ Бағдадтағы елшілігінде істейтін қызметкерлерінің басым бөлігін қауіпсіз жерге көшірді. АҚШ мемлекеттік департаментінің жазуынша, Иранның әрекеттерінен соң қауіпсіздік мақсатында Вашингтон осындай шешім қабылдаған. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Дипломатиялық миссия қызметкерлерінен бөлек, АҚШ Ирак солтүстігіндегі күрттердің автономиялық провинциясының орталығы – Эрбиль қаласындағы консулдық қызметкерлерін де шақыртып алған. Қанша америкалықтың елге қайтқаны туралы дерек жоқ.
Таяу Шығыстағы шиеленістен соң Германия мен Нидерланд та әскери жаттығуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Тегеран АҚШ-тың бұл шешімін "психологиялық соғыс айласы" деп атап, "Иран тарапынан соғыс қаупі төніп тұрған жоқ" деп мәлімдеді.
14 мамырда The New York Times газеті АҚШ Иранға қарсы 120 мың әскери жіберуі мүмкін екенін жазған. Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп бұл хабарыды жоққа шығарды. Трамп "мұндай әрекет жоспарда жоғын, әскер жіберу қажет болмас деп үмітенетінін" айтқан. "Бірақ [әскер жіберу] қажеттігі туса, газет мақаласында айтылған 120 мың сарбаздан әлдеқайда көп әскери жібереміз" деген президент.
Биыл мамырдың басында Иран мен АҚШ арасы шиеленісе түскен. 8 мамырда АҚШ Иранға жаңа санкциялар салған. Құжатта "Вашингтонның көздегені – кірісін ядролық бағдарламасын қаржыландыруға жұмсауы ықтимал Тегеранды табысынан айыру" деп жазылған.
АҚШ-тың санкция салуына Иран билігінің ядролық келісім міндеттемелерінің кейбірін орындаудан бас тартуы себеп болған. Тегеран "Еуропа одағы елдері 60 күннен соң Иранның мұнай мен банк саласын [АҚШ санкцияларынан] қорғаудың амалын таппаса", Иран ядролық келісімдегі тағы біраз талапты орындаудан "бас тартады" деп ескерткен.
Иран ядролық бағдарламасын жапса, оның өтеуі ретінде Тегеранға қарсы халықаралық санкциялар азаяды деген уәдемен тараптар 2015 жылы келісімге қол қойған. Бірақ 2018 жылы АҚШ Иранды " құжат талаптарын бұзды" деп айыптап, келісімнен шығып кетті.
ПІКІРЛЕР