16 мамырда Алматы қалалық соты Алматы марафонында баннер акциясын өткізіп жазаланған белсенді Сүйінбике Сүлейменованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Сотта Сүлейменованың қолдаушылары ауыздарын "Ұят" деген жазуы бар скотчпен жауып отырды.
21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған. Сот осы баннер акциясын фотоға түсірген Сүйінбике Сүлейменова және тағы екі азаматты "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп 50 500 теңге айыппұл салған.
Бұған дейін Сүлейменованың адвокаты Рәзия Нұрмышева аудандық сот оның аяғы ауыр екенін ескеріп, айыппұлды 30 пайызға азайтқанын айтқан.
Төлесова мен Толымбеков 5 мамырда абақтыдан мерзімінен бір тәулік бұрын босап шыққан. Ал Сүлейменова аудандық соттың айыппұл салу шешіміне апелляциялық шағым түсірген.
ПІКІРЛЕР