16 мамырда Қарағанды облыстық сотының ғимаратында екі жылға бас бостандығы шектелген Балқаш қаласының тұрғыны Александр Гит апелляциялық алқа сот шешімін оқыған соң процеске қатысушылардың көзінше күре тамырын кесті. Сотталушы осылайша алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырған сот шешіміне наразылық білдірген.
Азаттық тілшісі Александр Гиттің өзіне хабарласа алмады. Ауруханада оған медициналық көмек көрсетілген соң полиция бөлімшесіне алып кеткен. Оқиғаны өз көзімен көрген екінші сотталушы Азаттық тілшісіне былай деді:
- Александр екеуіміз апелляциялық сот әділ шешім шығаратын шығар деп үміттенген едік. Екеуіміз де айыптау сипатындағы үкіммен келіспейміз, себебі кінәлі емеспіз. Біз жанар-жағар май ұрлаған жоқпыз. Оған дәлел бар. Ал енді нәтижесінде біз сотталып, жұмысымыздан және жеп отырған нанымыздан айрылдық. Алты миллион теңге тұратын көлігімді де кәмпескелеп алып алды, - дейді Азаттыққа Евгений Глазков.
Ол - "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену" ісі бойынша айып тағылған екінші сотталушы.
Сотталушының адвокаты Азаттық тілшісіне сот үкіміне қайта шағым түсіретінін айтып, айыпталушылардың ұрлығы дәлелденбегінін айтты.
- Сот приставтары мен қорғап отырған азаматтың тағы да өз-өзіне қол жұмсамас үшін шара қолданды, әйтпесе ол тағы да мойын тамырын кеспек болған. Жедел жәрдем көлігі оны алып кетті, оған медициналық көмек көрсетті. Содан соң полиция бөлімшесіне апарды, онда одан сұрақ-жауап алынды. Материалды тіркеп, ''өз-өзіне қол жұмсауға тырысу" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүретін шығар. Процессуалдық шешімнің қалай болатыны әзірге белгісіз. Бірақ ққалай болғанда да үкім және апеллциялық инстанция шешімімен келіспейміз және кассацияға шағымданамыз, - деді сотталушылар адвокаты Сергей Галко.
16 мамыр кешке облыстық сот оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
- Апелляциялық инстанцияның істі зерттеуіне жеткілікті уақыты болды. Алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі оқылған соң апелляциялық инстанция шешімімен келіспеген сотталушы Гит лезвиемен өзін жарақаттаған. Апелляциялық инстанция бойынша сот актісіне шағымдану тәртібі сотталушыларға түсіндірілген еді. Сотталушыға уақытында медициналық көмек көрсетілді, - деді судья Роза Нұрмаханова.
Аленксандр Гит пен Евгений Глазков осы жылдың наурыз айында "қызметтік өкілетін пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену" бабы бойынша екі жылға бас бостандықтары шектеліп, мүліктері кәмпескеленген.
ПІКІРЛЕР