Қазақстандық саясаттанушы әрі қытайтанушы Константин Сыроежкин "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша күдікке ілініп, ұсталды. Бұл ақпаратты Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
"ҰҚК 2019 жылы 15 қаңтарда 1956 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы Константин Сыроежкиннің үстінен 175-бап, 1-бөлігі бойынша ("мемлекетке опасыздық жасау") қылмыстық іс қозғады" делінген ҰҚК хабарламасында.
ҰҚК-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 62 жастағы саясаттанушыны 19 ақпанда ұстаған. Комитет өкілдері бұдан басқа мәлімет айтпаған.
Азаттық Константин Сыроежкиннің ісіне байланысты ҰҚК-ға 6 мамырда ресми сауал жіберді. Өтініште Азаттық тілшісі күдіктінің адвокат қызметін пайдалану құқығы және қамау жағдайы туралы сұраған еді. 16 мамырда комитеттің баспасөз қызметі Азаттыққа редакциядан келген "хатты таба алмай отырғанын" айтты. 17 мамырда хат қайта жіберіліп, ҰҚК оны алғанын растады.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Алматыда туып-өскен 62 жастағы Константин Сыроежкин Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған, елде Қытай мәселелері бойынша жетекші сарапшылардың бірі. Орыс, ағылшын және қытай тілінде жарық көрген мыңнан астам мақаланың авторы. 2006 жылдан бастап Қазақстан президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері болған.
Сыроежкинді ақпан айында қамауы мүмкін екенін бұған дейін Азаттық тілшісіне Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис айтқан. Оның айтуынша, дәл осы уақытта қытайтанушының әріптестерімен байланысы үзіліп қалған.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ол ақпан айында өткен республикадағы қытайтану бойынша конференция кезінде баяндама жасауы тиіс болған, бірақ шараға қатыспаған. Сәуір айында Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" атты ірі жобасына арналған Алматыдағы ірі шараға да келмеген.
ПІКІРЛЕР