20 мамырда Нұр-Сұлтанда үкімет мүшелерімен жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылаған жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "егер қол астындағы жұмысшысы парамен ұсталса, мемлекеттік органдардың басшылары жұмыстан кетуге өтініш жазуы тиіс" деді.
Тоқаевтың сөзінше, отставканы қабылдау, я қабылдамау - президенттің шаруасы, бірақ басшылар жұмыстан кету туралы өтініш жазуы міндет.
- Жыл сайын елде 2 мың жемқорлық қылмысы тіркелді. Орта есеппен мың адам жауапқа тартылады. Барлығымыз осы әлеуметтік дертпен күресуіміз керек, - деді Тоқаев.
Қазақстан президентінің сөзінше, жемқорлықты азайту әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші болады.
- Жер телімдерін беру, баспана беру және балабақшадағы орындарды бөлу ашық ұйымдастырылып, қоғамның бақылауында болуы тиіс, - деді ол.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұған дейін елде жемқорлықпен күресуді күшейту жайлы бірнеше рет айтқан. Тоқаев та соңғы уақытта бюджет қаржысын жымқырғандарды, пара алғандарды жазалау жайлы жиі айтып жүр. Бұған қарамастан Қазақстан жемқорлық индексіндегі жағдайы жақсарған жоқ.
ПІКІРЛЕР