20 мамырда Тәжікстан билігі Ваxдат қаласындағы түрмеден шыққан бүлікті басу кезінде қаза тапқандар тізімін жариялады. Биліктің дерегінше, Душанбеден 25 шақырым жерде жатқан қатаң режимдегі абақтыда 19 мамырда болған бүлік кезінде үш күзетші мен 29 сотталған азамат қаза тапқан.
Тәжікстан әділет министрлігі жариялаған тізімге қарағанда, қаза тапқандардың 17-сі - “Ислам мемлекеті” террористік ұйымының қызметіне араласты деп сотталғандар. Тәуелсіз дереккөздерден бұл деректің рас-өтірігін анықтаудың сәті түспеді. Тізімдегі үш адам – Тәжікстанда экстремистік деп танылған “Ислам жаңғыру партиясының” мүшесі. Душанбенің партия қызметіне тыйым салу туралы 2015 жылы қабылдаған шешімі әділетсіз әрі саяси астары бар деп сынға қалған.
Елдегі ықпалды оппозициялық күштердің бірі саналып келген партия террористік ұйым деп танылған соң ұйымның бірнеше мүшесі абақтыға жабылған. Ал лидері Муxиддин Кабири 2015 жылдан бері шетелде тұрады.
ПІКІРЛЕР