Accessibility links

АЭС құрылысына қарсы белсенділер Нұр-Сұлтан әкімдігін сотқа берді


Болатбек Біләлов сотта сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.
Болатбек Біләлов сотта сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенділер Сәуле Батталова мен Болатбек Біләлов бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеген қала әкімдігін сотқа берді. 21 мамырда Сарыарқа аудандық соты белсенділердің шағымын қарай бастады.

Белсенділер Қазақстанда АЭС құрылысына қарсылық ретінде 26 сәуірде Нұр-Сұлтанда наразылық шарасын өткізуге рұқсат сұраған. Бірақ Нұр-Сұлтан әкімдігі митинг өткізуге белгіленген жерге сенбілік жоспарланып қойғанын айтып, наразылық шарасын өткізуге рұқсат бермеген.

Сотта Біләлов әкімдік шешімімен келіспейтінін айтты. Ол «қала басшылығы митинг өткізуге басқа жер ұсынуына болар еді» деді.

- Қоғамның пікіріне құлақ аспайтыны ұнамайды. Билік АЭС салынатын аймақта қоғамдық тыңдау өткіземіз дейді. АЭС құрылысы жайлы Қазақстанның барлық тұрғынының пікірі маңызды. Неге? Себебі апат болса, аймақ тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы зардап шегеді. АЭС салу мәселесі кем дегенде референдумде шешілуі керек, - деді Біләлов сотта.

Судья шағымданушылардың айтқанын тыңдап болған соң дауды Қазақстан сот жүйесіне енгізілген жаңа пилоттық жоба арқылы шешуді ұсынды. Яғни, белсенділер әкімдікке митинг өткізуге тағы бір мәрте өтініш жазуы тиіс. Егер әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермесе, сот 4 маусымда қайта жалғасады. Отырысқа келген әкімдік өкілі Алмазбек Мамбетов судьяның бұл ұсынысымен келісті.

20 сәуірде Нұр-Сұлтан соты белсенді Болатбек Біләловті "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы (әкімшілік кодекстің 488-бап, 3-бөлім) бойынша кінәлі деп тауып, 15 күнге қамаған еді.

Оның алдында белсенді Facebook парақшасында әкімдікке бейбіт жиын өткізу туралы өтініш бергенін айтып, қолданушыларды 26 сәуірде атом электр станциясын салуға қарсы бейбіт митингіге келуге шақырған. Белсендінің әкімшілік жазаға тартылуына осы жазба себеп болған.

Сәуір айының басында Ресейге сапарлап барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде президент Владимир Путин Қазақстанда "ресейлік технология" бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар әртүрлі пікір білдірген. Келесі күні энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев станция құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбағанын, алайда атом электр станциясы орналасуы мүмкін аумақ ретінде Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG