Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы 35 көп балалы жанұя Екібастұзға көшірілді


Еңбек және халықты әлеуметттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев (ортада) пен Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтановтың наразылыққа шыққан аналар ортасына келген сәті. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Еңбек және халықты әлеуметттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев (ортада) пен Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтановтың наразылыққа шыққан аналар ортасына келген сәті. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы 35 көп балалы отбасы Павлодар облысының Екібастұз қаласына көшірілді. Оларға баспана мен жұмыс берілгені айтылады. Бұл туралы Азаттыққа астананың тұрғын үй қоры директоры Нұрсұлу Қожахметова хабарлады.

Қожахметованың сөзінше, Павлодар облысының әкімдігі көп балалы шаңырақтарға көмектесуге әзір екенін айтып, ұсыныс жасаған соң мамырдың басында Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 18 шаңырақ көшкен. "Нұрлы Ертіс" деп аталатын бағдарлама аясында көшіп барғандарға жаңа салынған тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер берілген. Әкімдік жұмысқа жарамды адамдарға қызмет ұсынып, балаларды мектепке, балабақшаға орналастыруғаға көмектеспек.

— Оларға бір жыл бойы көмек болады. Яғни, коммуналдық қызмет пен жалдау ақысын әкімдік түгел өзі көтермек. Қазір көшкісі келетін отбасылармен сөйлесіп жатырмыз. Екібастұз әкімдігі біздің үш-төрт баласы бар отбасыларға да көмектесу туралы ұсынысымызды қабыл алды. Оларға екі бөлмелі пәтерлер берілмек, — деді Нұрсұлу Қожахметова.

Ақпан айында Нұр-Сұлтанда (сол кездегі - Астана) бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқан соң көп балалы аналар наразылық танытып, биліктен жәрдемақы өсіруді талап еткен. 27 ақпанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке әр балаға сәуірден бастап 21 мың теңге беруді тапсырған. Бұл тапсырма негізінде парламент әзірлеген заңға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің басында қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG