Accessibility links

СІМ: Италияда апатқа ұшыраған автобуста 9 қазақстандық болған


Италияның Монтериггони қаласында аударылған автобус. 22 мамыр 2019 жыл.
Италияның Монтериггони қаласында аударылған автобус. 22 мамыр 2019 жыл.

22 мамырда Италияның Сиена қаласында 50-ге тарта турист отырған автобус аударылған. Radio Siena-ның хабарлауынша, автобуста Ресей, Грузия, Қазақстан мен Армениядан барған туристер болған.

Бірнеше басылым кем дегенде бір азаматтың қаза тауып, 15 адамның жараланғанын хабарлады. Siena Free басылымының жазуынша, Сиена қаласының ауруханасына 14 адам жеткізілген. Оның төртеуінің жағдайы ауыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі зардап шеккендер арасында қазақстандықтар барын растады. Ведомствоға сілтеген жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, апатқа ұшыраған автобуста тоғыз қазақстандық болған.

"Бесеуі ауруханаға жатқызылды, төрт адам қонақүйге орналастырылды. Зардап шеккен қазақстандықтардың кейбірінің омыртқасы, бұғанасы мен қабырғасы сынған" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Туристер отырған автобус Сиенадан Флоренцияға бара жатқан жолда Монтериггони қаласы маңында апатқа ұшыраған. Куәгерлер сөзінше, автобус жол жиегіндегі орға аударылып кеткен. Алдын ала дерек бойынша, апатқа қалың нөсер мен жолдың тайғақтығы себеп болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG