23 мамырда Нұр-Сұлтанда "Астана су арнасы" мекемесінің төрт жұмысшысы метан газына уланып қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан төтенше жағдайлар комитеті хабарлады.
Комитеттің хабарлауынша, мекеменің алты жұмысшысы қаладағы құдықтың бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сол кезде біреуі есінен танып, құдыққа құлаған. Оны құтқармақ болған тағы үш жұмысшы газға құдық ішінде уланып қалған. Сыртта қалған екі адамның бірі ауруханаға түскен, жағдайы бірқалыпты.
"Қаза тапқандар 1988, 1993, 1995 және 1967 жылы туған. Күні бойы жұмыс істеген. Барлығында респиратор (улы газдан, шаң-тозаңнан тыныс жолдарын сақтап тұратын құрал - ред.) болған. Бірақ құдықтан денелерді шығарғанда респиратор болмады. Жұмыс аяқталған кезде оны шешіп тастаған сияқты. Егер респиратор болғанда аман қалар еді" деді төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бұл оқиға бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР