Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлер арасында теледебат 29 мамырда "Хабар" арнасында өтетінін хабарлады. Теледебаттың тікелей эфирде көрсетілуі-көрсетілмеуін телеарна шешеді. "Хабар" телеарнасының басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев басқарма отырысында бұл мәселе қаралатынын айтты.
Үш кезеңнен тұратын теледебатқа бюджеттен 41 миллион теңге бөлінеді. Теледебат 80 минутқа созылады.
Алғашқы кезеңнің тақырыбы - "Қазақстанның экономикалық дамуының артықшылықтары". Бұл кезеңде әрбір кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстыруына мүмкіндік беріледі. Бұған қоса, қатысушылар бір-біріне екі-екіден сұрақ қойып, екі сұраққа жауап береді.
Екінші кезеңнің тақырыбы - "Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы". Бұл кезеңде жүргізуші қатысушыларға ортақ сұрақ қойып, кандидаттар жауап береді. Үшінші кезеңде сайлаушылар кандидаттарға сұрақ қояды.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:
- Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
- қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
- Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
- Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
- Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
Мамырдың 11-і күні басталған елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол маусымның 8-іне дейін созылмақ.
ПІКІРЛЕР