Accessibility links

Қасым-Жомарт Тоқаев кандидаттар дебатына қатыспайды


Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 мамырда "Хабар" арнасында өтетін кандидаттар дебатына қатыспайды. Бұл туралы Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин қазақстандық ақпарат агенттіктеріне айтты.

Қариннің сөзінше, "Тоқаев үгіт-насихат науқанынан өзін барынша шектеп, президенттік қызметіне көп көңіл бөліп жүр. Оның үгіт-насихат жұмыстарын сайлауалды штабы мен сенімді өкілдері жүргізіп жатыр".

- Президент басқа кандидаттарда көп мүмкіндік болуы керек деп санайды. Басқа кандидаттар да өз ұстанымдарын кеңінен насихаттап, халыққа танылса дейді. Ол (Тоқаев - ред.) әділ сайлау өткізуге уәде берген. Бұл - оның негізгі ұстанымы, - деді ол.

Қариннің сөзінше, Тоқаев сайлауалды штабына теледебатқа бір өкіл жіберуді тапсырған. Бірақ президенттің кеңесшісі дебатқа сайлауалды штабының өкілдері қатысу-қатыспауын ашып айтпады.

Теледебатқа Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов, Төлеутай Рахымбеков, Амангелді Таспихов, Сәді-Бек Түгел қатысатындарын айтты. Inforumburo.kz сайтының хабарлауынша, "Ақ жол" партиясының кандидаты Дания Еспаева дебатқа қатыспайды. Оның орнына партия төрағасы Азат Перуашев қатысады.

29 мамыр күні кешкі 6-да мемлекеттік "Хабар" арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат тікелей эфирде өтеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG