Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылының Азаттық тілшісі сөйлескен бірнеше тұрғыны осыдан 20 жыл бұрын ауыл әкімін қалай сайлағанын естеріне түсіре алмады. Оларға ауыл әкімін «тұрғындар тікелей өзі сайлағанын» бірнеше рет түсіндіруге тура келді. Кейбірі қайталап сұрап, «Біздің ауылымыз әкім сайлап па еді?» деп қатты таңырқады. Сондықтан әкім сайлауы жайлы бастапқыда көбіне ересектерден сұрауға тура келді.
«ӘКІМ САЙЛАУҒА ҚҰЛШЫНДЫҚ»
Ескі көліктен түсіп келе жатқан егде кісі «ширек ғасыр бұрынғы сайлау қайдан есіңе түсе қалды» деп бір жымиды. Бұрын мектепте, техникумда мұғалім болған, қазір зейнеткер екен.
- Ол бір қызық кезең болды. 1990 жылдардың реформасынан етек-жеңімізді жия алмай жатқан кез. Жоғарыдан «әкімдеріңді өздерің сайлаңдар» дегенді естіген халық құлшына кірісті. Әкім болғысы келетіндер көбейді. Әркім бағдарламасын таныстырып, халықпен кездесті. Халық өзі таңдады. Сайланған әкім көптен бері жүйкеге тиген ауыз су мәселесін жылдам шешкені есімде қалыпты, - дейді қария Көшербай Бекетов.
«Осы кандидатты сайлаңдар» деп жоғарыдан нұсқау берілмеді ме деген сұрағымызға:
- Онысын білмеймін, бірақ жоғары жақ кімді айтса да, халық оған сайлау алдында нақты талап қойды, сондықтан өйтіп-бүйтіп әкім болып кету қиын еді, - деді тұрғын.
Азаттық тілшісін Көшербай Бекетов Шамалған ауылындағы әкім сайлауға белсене қатысқан қариялардың бірі Мырзабек Жақауұлының үйіне ертіп барды. Бұрын малшы, бригадир болған, 70-тен асқан бұл кісі 20 жыл бұрынғы әкім сайлауын ұмытпапты.
- Сайлауға інім де түсті. Ауыл жағалап, үгіт-насихат қатты жүргіздік. Тартыс болды. Неше түрлі әңгіме шықты. Жеті адамның ішінен халық осы ауылда туып-өскен, басқа іскер жігітті таңдады. Ол жұмысты жақсы істеді, бірақ соңына қарай ақсата бастады. Ол кеткенде басқа әкім сайлағымыз келген, жоғары жақ рұқсат бермеді, - деп еске алады ол.
Шамалған қариялары Көшербай Бекетов пен Мырзабек Жақауұлы қазір ауыл әкімін ресми түрде аудан мәслихаты сайлайтынын, бірақ мәслихаттың аудан әкімінің айтқанымен жүретінін біледі. Оған қарсы да емес, толық құптамайды да.
- Кейбірі халықпен санасады, кейбірі санаспайды, өзіміз сайламаған соң міндет арта алмаймыз. Дегенмен өзіміз сайлағанымыз жақсы ғой, - десті олар.
«САЙЛАСАҢ ДА, САЙЛАМАСАҢ ДА БӘРІБІР»
Шамалғанның орталық көшесінің бойында бір күндік жұмыс күтіп тұрған бір топ жұмыссыз адам алыстан көзге шалынады. Әрі-бері өткен көліктің бірі тоқтап, қара жұмысқа алып кетсе, қуанып қалады. Азаттық тілшісінің айналасына лезде топтала қалған оларға «20 жыл бұрын әкімді Шамалған тұрғындарының өздері сайлады» деген хабар таңсық болып көрінді. Көбі – Шамалғанға кейін көшіп келгендер болып шықты. Соңғы 20 шақты жыл ішінде Алматы қаласы төңірегіндегі ауылдарға тұрмысы нашар аймақтар мен көршілес елдерден мыңдаған адам көшіп келген.
Жұмыссыздар халықтың әкім сайлағанын көрмесе де, «әкімді халық сайлау керек» деп есептейді. «Неге?» деген сұраққа жауап беруден қашқақтайды, тіпті аты-жөнін айтқысы да келмейді. Жиналып тұрған топтың бір бөлігі әкім сайлауы жайлы журналистің сұрағын естіген бойда бір шетке сытылып шығып, жылыстай жөнелді.
Жұмыссыздардың кейбірі әкім сайлауды ешқашан көрмегенін, тіпті ешқашан әкімнің өзін көрмегенін айтып ашынды. Олардың сөзінше, «әкімді сайласаң да, сайламасаң да ештеңе өзгермейді».
- Бізге халықты ойлайтын әділ әкім керек, - дейді аты-жөнін атағысы келмеген жұмыссыздың бірі.
Бірақ ол «Әділ әкімді қалай табуға болады?» деген сұраққа тосылып қалды.
Шамалғанның орталық базарында тұрған сатушылар да 20 жыл бұрынғы әкім сайлауы туралы да, жалпы әкім сайлауы жайлы сөйлесуден де тартынатыны байқалды.
«ХАЛЫҚ ҚАЛАСА, АЛЫП ТАСТАЙДЫ»
Шамалған ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Алмабек Досым «әкімнің жиынға кеткенін» айтып, сұрағымызға өзі жауап беруге тырысты. Бірақ 1999 жылы өткен әкім сайлауын білмейтінін ескертті. Өзінің айтуынша, жоғары оқу орнын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.
- Біз оқып жүргенде «ауыл әкімін халық сайлағаны дұрыс па, аудан мәслихаты сайлағаны жөн бе?» деген тақырыпта дебат болатын. Сонда «халық сайласа, әкімнің жұмысына халықтың өзі жауапты болады, жоғары жақ жауапкершілік алмайды» деген тұжырым мен «ауыл әкімін мәслихат сайласа, халық жоғары жақтан жауап талап ете алады» деген тұжырым айтылатын. Қазір соның екіншісі болып тұр. Ауыл әкімін аудан мәслихаты сайлайды, сөйтіп жауапкершіліктің бір жағын көтереді, - дейді ол.
Осылайша ауыл әкімдігі қызметкерінің мәслихатты атқарушы биліктің тармағы деп ойлайтыны байқалды. Алмабек Досымның айтуынша, қазіргі кезде ауыл әкімдігінің мүмкіндігі бұрынғыдан көп. Өйткені 2019 жылдың басынан бері әр ауылдың өз бюджеті жасала бастаған. Ауылдағы мүлік, көлік салығы ауыл әкімдігіне түседі.
1999 жылы Шамалған ауылының әкімі болып сайланған Қайрат Байбақтынов алты жыл қызмет атқарған соң Қарасай ауданы әкімінің орынбасары қызметіне көтерілген. Кейін облыстық деңгейдегі жоғары қызметтер атқарып, соңғы уақытта кәсіпкерлікке ауысқан. Азаттықпен телефон арқылы сұхбаттасқан ол:
- Ауыл әкімі сайлауына жеті кандидат түсті. Бір ай үгіт жүргіздік. Бәсеке күшті болды. Дауыс берушілердің 62 пайызы сайлауға қатысты. 52,7 пайыз дауыс жинап, бірінші турдан соң-ақ әкім болып сайландым. Бірақ қанша жылға сайлайтынын айтқан жоқ. «Халық қаласа, алып тастайды» деді. Сөйтіп алты жыл қызмет еттім, - деп еске алды ол.
Байбақтынов 2001 жылы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша үкіметтің жұмыс тобының мүшесі де болған.
Ауыл әкімі сайлауына жеті кандидат түсті. Бір ай үгіт жүргіздік. Бәсеке күшті болды. Дауыс берушілердің 62 пайызы сайлауға қатысты. 52,7 пайыз дауыс жинап, бірінші турдан соң-ақ әкім болып сайландым.Қайрат Байбақтынов
- Сол кезде ауыл әкімдігінің бюджеті болуы керек, ауыл әкімінің құзыреті аз деген мәселе көтердім, - дейді ол.
«Ауыл әкімін халық тікелей сайлағаны дұрыс па, мәслихат арқылы сайлаған жөн бе?» деген сауалға Қайрат Байбақтынов:
- Нақты айта алмаймын. Әкім сайлауға халық дайын емес-ау, - деп екіұшты жауап берді. Халықтың не себепті «дайын емес» екенін де түсіндіріп жатпады.
Шамалған ауылының әкімін сайлайтын Қарасай ауданы мәслихатының төрағасы Айтбай Көшкінбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, 1999 жылы өткен әкім сайлауының нәтижесін «сәтсіз» деу де, «сәтті» деу де қиын.
- Ол әкім нақты мерзімге сайланған жоқ. Бұл тәжірибе халықтан қолдау да таппаған сияқты. Халық «сайлаймыз» десе, әрі қарай жалғастырар еді. Содан кейін заң өзгеріп, [ауыл әкімдерін] мәслихат сайлайтын болды. Қазір үш-төрт кандидатты аудан әкімі ұсынады, олар халықпен кездескен соң мәслихаттың алдынан өтіп, төрт жылға сайланады, - дейді ол.
Оның сөзінше, аудан мәслихаты аудан әкімі ұсынған кандидатқа келісім бере қояды деген пікір дұрыс емес.
- [Мәслихат аудан] әкімінің айтқанын істей береді деген дұрыс емес. Кандидаттың қолынан іс келе ме, жоқ па, мұқият тексереміз, - дейді ол.
Азаттық тілшісі Қарасай ауданында өткен ауыл әкімін сайлау процесін бұған дейін де бірнеше рет көрген болатын. 2013 жылғы маусым айының соңында күшіне енген өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес үміткерлерді аудан әкімі мен мәслихат ұсынатын болған. Мысалы, Қарасай ауданының Тау самалы ауылының әкімдігіне кандидаттардың барлығы дерлік «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып шыққан.
«ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ БАР-ЖОҒЫ ТҮСІНІКСІЗ»
«Жергілікті өзін-өзі басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы» деген зерттеудің авторы, саясаткер Дос Көшім ауыл әкімін сайлау керек пе, жоқ па деген мәселеге басқаша қарайды. Оның айтуынша, халық саны аз елді мекендерде тікелей сайлау өткізуге болады. Халқы көп болса, жанама сайлау да жарайды.
- Шамалғандағы сайлаудан кейін [биліктің] ауыл әкімін тікелей сайлаудан не себептен бас тартқаны түсініксіз. Бірақ ауыл әкімін сайлау немесе сайламау деген мәселенің маңызы шамалы деп ойлаймын. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгізілсе, өзінен-өзі күн тәртібінен түсіп қалады, - дейді ол.
Дос Көшім мысал ретінде Германиядағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін алға тартады. Оның сөзінше, Германияда 10-15 адамнан жергілікті муниципалитет сайланады. Муниципалитеттің өз ішінен біреуді әкім етіп тағайындауына немесе басқа менеджерді жалдауына болады. Муниципалитет «халықтың басшыны тікелей өзі сайлағаны дұрыс» деп те шешім қабылдай алады. Осылайша әкімді сайлау не сайламау мәселесін тұрғындар өзі шешеді.
- Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бұрынғы заңда қарастырылды. Кейін ол бапты мүлдем алып тастады. Қазір аудан мәслихатын жергілікті өзін-өзі басқару органы деп санайтындар да, онымен келіспейтіндер де бар. Осылайша жергілікті өзін-өзі басқару органы бар ма, жоқ па, түсініксіз болып қалды, - дейді ол.
Әкімдерді сайлау туралы бастаманы 1998 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында айтқан. Бір жылдан кейін Назарбаевтың туған ауылы – Шамалған әкімін «халық тікелей сайлады» деп хабарланған. Арада жыл өтпей Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз конференциясында облыс, аудан әкімдерін бұрынғыша президент өзі тағайындайтынын, ал ауыл әкімдерін аудан мәслихаты сайлайтынын жариялаған.
2001 жылы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң» қабылданып, сол жылдан бастап ауыл әкімдерін аудан мәслихаты сайлай бастады. Кейін «ауыл әкімі қызметіне кандидатурасын ұсынатын адамның мемлекеттік басқару қызметінде үш жыл тәжірибесі болуы тиіс» деген талап енгізіліп, ауыл тұрғындарының әкім болып сайлану мүмкіндігі біршама тарылған.
ПІКІРЛЕР