Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы қонақүйге белсенділер басып кірді


Нұр-Сұлтандағы құрылтайда сөз сөйлеп тұрған оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы құрылтайда сөз сөйлеп тұрған оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.

1 маусымда таңертеңгі сағат 11.00 шамасында Нұр-Сұлтандағы "Думан" қонақ үйінде белсенділердің құрылтайы басталды. Оған елдің барлық өңірінен жүздеген азамат жиналды.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әуел баста алдын ала ақшасы төленіп қойған қонақ үйдің күзетшілері жиналғандарға "орын жоқ" деп оларды кіргізбеуге тырысқан. Бірақ бұған наразы болған жұрт жиналыс өтуі тиіс ғимаратқа басып кірген.

Құрылтайға жиналғандар. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.
Құрылтайға жиналғандар. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.

Бұған дейін жиында елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдай, президент сайлауында дауыс беруге бойкот жариялау, Қытайдағы қазақтар мәселесі, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, елдегі демократия ахуалы айтылады деп хабарланған еді.

Нұр-Сұлтандағы құрылтайға жиналғандар. 1 маусым 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы құрылтайға жиналғандар. 1 маусым 2019 жыл.

​Жиында оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев, қоғам қайраткері, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және өзге де азаматтар сөйлеген. Спикерлер елде оппозицияның жоқтығын айтып, "белсенділерді қудалаған" билікті сынаған. Қатысушылар 9 маусымда өтетін президент сайлауына бойкот жариялау керектігін де айтқан.

Жұрт алдында сөйлеген қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы Қазақстан Конституциясының "бір адам мүддесі үшін" бұрмаланғанын айтып, елде белсенділер қудаланатынын, түрмеде саяси тұтқындар отырғанын айтқан. Ол ереуілшілерге полиция оқ атып, соның салдарынан ресми дерек бойынша 17 адам өлген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына жеке тоқталды. Ол Жаңаөзен оқиғасын "ауыр қылмыс" деп атап, оған елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев және сол кездегі ішкі істер министрін басқарған Қалмұханбет Қасымов жауап беруі тиіс екенін жеткізген.

Наурыз айында президент өкілетін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде саясаттағы ықпалын сақтап қалды. Ал бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов кеңес төрағасының хатшысы ретінде тағайындалып, өкілеті жоғарылады. Рысбек Сәрсенбайұлы жиында Назарбаевты биліктен кетіп, елді тиімдірек басқара алатын азаматтарға жол беруге шақырды.

​Жиын ортасында қонақ үй әкімшілігі қызметкері келіп, микрофонмен жиналғандарға "ғимараттан шығуын" талап еткен. Бірақ қатысушылар бұдан бас тартқан.

Ғимарат маңын полиция қызметкерлері бақылап тұр. Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратпақ болған. Бірақ байланыстың нашар болуына байланысты жиыннан трансляция жасай алмай отыр.

Жиын жалғасып жатыр. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің айтуынша, түс кезінде құрылтай өтіп жатқан ғимараттың жарығын сөндіріп тастаған. Бірақ соған қарамастан белсенділер құрылтайды қараңғы залда жалғастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG