АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияға мемлекеттік сапары қарсаңында британ билігіне Еуропа одағымен Брекзит жайлы келіссөз жүргізу тактикасына байланысты бірқатар кеңес берді.
Трамп Sunday Times басылымына берген сұқбатында, британ билігі Еуропа одағының бұған дейін Лондон ұсынған шарттарға көнуін талап еткені жөн, болмаса биыл қазан айында Еуроодақтан еш келісімсіз шығып кету керек деген. Бұған дейін Тереза Мэй кабинеті бекіткен Брекзит туралы келісімге қарсы болған британ парламенті Трамп айтып отырған вариантқа да қарсылық білдірген.
Трамптың пікірінше, егер Брюссель британ билігінің шартына көнбесе, Лондон Еуропа одағынан шығудың шығынын өтемейтінін айтып, сес көрсеткені жөн. Шығын көлемі 50 миллиард доллар деп бағаланып отыр.
АҚШ президенті британ билігінің келіссөздерге Брекзитті қолдаушы Найджел Фараджды араластырмауын "қателік" деп атады. Трамп пен Фарадж бұған дейін де бір бірін қолдап мәлімдемелер жасаған, тіпті британ саясаткері 2016 жылы Трамптың сайлау алды митингісінде сөз сөйлеген болатын.
Трамп Тереза Мэй қызметтен кеткеннен кейін Консервативтік партияға Борис Джонсон жақсы жетекші болады деп біледі.
Дональд Трамп Ұлыбританияға 3 маусымда сапармен барғалы отыр. Оның сапарына британдық бірқатар саясаткерлер қарсы болып, үкіметтен АҚШ президентіне шақыру жібермеуді сұраған.
Сапар аясында АҚШ президенті британ патшайымымен кездесіп, бірқатар шараға қатысады деп жоспарланған.
ПІКІРЛЕР