Азаттық: Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы CIVI қоғамдық қоры жетекшісі Ерсін Құдияровпен жастардың елдегі қоғамдық-саяси өмірге араласуы, жастар арасында наразы көңіл-күйдің таралуы және жастардың билікке, әсіресе, сайланбалы билік органдарына ену мүмкіндігі жайлы әңгімелесеміз. Ерсін, әуелі жеке тәжірибеңізден бастасақ. Мәслихат сайлауына қашан және не үшін қатыстыңыз?
Ерсін Құдияров: Студенттік шақтан бастап президент және парламент сайлауларында тәуелсіз бақылаушы болдым. 20 жасымнан бері Семей қалалық мәслихатының соңғы екі сайлауына қатыстым. 2016 жылы мәслихат сайлауында депутаттыққа кандидат боп тіркелдім. Бірақ сайлауға бір аптадай уақыт қалғанда барлық кандидат тіркелу кезінде тапсыратын табыс декларациясынан "қате табылды" деген желеумен мені кандидаттар тізімінен алып тастады.
Алдыңғы сайлаулардағы тәжірибемнен тәуелсіз кандидаттарды өте қатаң сүзгіден өткізіп, сайлауға қатыстырмау үшін кез келген ілік іздейтінін білетінмін. Екінші рет мен [алдыңғы] тәжірибеме сүйеніп, банктегі барлық есепшоттарымды жауып, қажетті анықтамалар жинадым. Бірақ мемлекеттік кіріс комитеті бір шотымда қалып қойған 514 теңгені анықтап, осы анықтама негізінде мені депутаттыққа үміткерлер тізімінен шығарып тастады. Шын мәнінде бұл норма халықаралық сайлау заңнамаларына қайшы келеді. Өйткені бұны заңбұзушылық деп тапқан күннің өзінде, оған берілетін жаза мұндай болмауы керек.
Дамыған елдерде декларацияда көрсетілген деректер сәйкес болмаған жағдайда ескерту жасайды немесе анықталған кемшілікті түзетуді тапсырады. Ал бізде кішкентай қателікке бола кандидатты сайлауға қатыстырмайтын жаман әдет қалыптасқан. Біздің заңнама мәслихат депутаттығынан үміткер кез келген адамды сайлаудан шеттетуге мүмкіндік береді.
Азаттық: Сіз осы тақырыпқа зерттеу жүргізіп, жас тәуелсіз кандидаттарды болмашы сома үшін сайлаудан шығарып тастағанын анықтаған едіңіз.
Ерсін Құдияров: Біз анықтаған осындай 160 істің жартысына жуығына декларациядағы кемшілік ілік болған.
Азаттық: Сол істерде кездескен ең аз ақша қанша еді?
Сот шешімінде табыс декларациясында бір теңге айырмашылық бар деп жазылған.
Ерсін Құдияров: Бір теңге. Сот шешімінде [кандидаттың] табыс декларациясында бір теңге айырмашылық бар деп жазылған. Бұл сұмдық жағдай, өйткені бір теңгелік қателікті зейнетақы жинақтау жүйесі дерегінен тапқан. Табыс декларациясын тапсырған кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотыңда қанша ақша барын көрсетуің керек. Қордан анықтаманы таңертең алған адам шотында мысалы, бір миллион 125 теңгесі бар екенін жазуы мүмкін. Бірақ шоттағы ақшаға инвестициялық табыс қосылатындықтан, дәл сол ақпаратты кешке алса, онда шотта бір миллион 126 теңге бар деп тұрады, яғни үстеме ақша қосылады.
Анықтама: Ерсін Құдияров
34 жаста. Азаматтық белсенді және жастар саясаты мәселелері бойынша жаттықтырушы. Қазақ гуманитарлық заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. 2005 жылы «Жастар салауатты өмір салтын қолдайды» жастар қоғамдық бірлестігін басқарған. 2006 жылдан 2011 жылға дейін Семейдегі балалар мен жастар ұйымдары қауымдастығына жетекшілік еткен. 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімі атындағы «Жылдың жастар көшбасшысы» атағын жеңіп алды. 2012 және 2016 жылдары қалалық мәслихат (жергілікті сайланбалы орган) сайлауына тәуелсіз кандидат ретінде түскен. Өзі қатысқан және бақылаушы болған сайлауларда жиған тәжірибесі негізінде осы тақырыпты зерттеп, Қазақстанның сайлау заңнамасына талдау жүргізген.
Зерттеу қорытындысы бойынша, Алматы қалалық мәслихаты сайлауына 120 азамат өзін өзі ұсынған. Олардың 68-і, яғни жартысынан астамы сайлауға қатыстырылмаған. Мұндай оқиға барлық аймақта болған. Келесі сайлауда өзін өзі ұсынатын кандидат мүлде болмайды. Өйткені "Сайлау туралы" заңға былтыр енгізілген өзгеріске сәйкес, енді мәслихатқа тек партиялық тізім бойынша ғана өтуге болады. Азаматтардың мәслихат жұмысына араласып, аз да болса белсенділік танытуына берілген бұл мүмкіндіктің де жолы кесілді.
Мәслихат депутаты болу үшін қандай партияға кіру керек? Бізде тәуелсіз партия жоқ. Азаматтық белсенділік танытып, мәслихат депутатын сайлауға өз кандидаттарын ұсынатын жастар партиясы да жоқ. Бұл жол толық жабылған, өйткені 2016 жылы билік өзін өзі ұсынған кандидаттардың көп екенін, олардың халық қолдауына ие болғанын және сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі барын көрді. Ол кезде көбіне сайлауға қоғамға танымал азаматтық белсенділер қатысты, билік осыдан қорықты.
Қазақстандағы "Сайлау туралы" заң сан рет өзгерген. Қазір заңда 133 бап бар және соның тек үшеуіне ғана өзгерту енгізілмеген. Заң қабылданғаннан бері ондағы баптардың 90 пайыздан астамы өзгеріске ұшыраған. Яғни, бізде әр сайлау сайын жаңа заң шығады деуге болады. Бұл өзін өзі ұсынатын кандидаттарды сайлауға алдын-ала дайындалып, жеңіске жету мүмкіндігінен айырады.
Азаттық: Қазір жастарға азаматтық білім беру курстарында жаттықтырушы боп жүрсіз. Бұл қандай курс және онда жастарға не үйретеді? Қазақстан жастарының азаматтық білімге сұранысы қандай?
Ерсін Құдияров: Қазіргі жағдайда билік "жастар – Қазақстанның болашағы", "сендердің уақыттарың келеді" деген ойлау жүйесін насихаттап жатыр. Біз сөйлескен жастардың санасында өз рөлін осылай деп қарастыру қалыптасқанын байқадық.
"Сайлау туралы" заң сан рет өзгерген. Қазір заңда 133 бап бар және соның тек үшеуіне ғана өзгерту енгізілмеген.
Сайлауалды бағдарламам мен ұйым жұмысында жастар елдің болашағы ғана емес, бүгіні де екенін үнемі айтып жүремін. Неге бізге "Тоқтай тұрыңдар, сендердің уақыттарың әлі келеді, ал әзірге біз мұнда өз шаруамызбен айналысайық. Сендер сырттай бақылай тұрыңдар" деп айтуы керек? Екі рет сайлауға түскенде мен де осы мәселеге кезіктім. Ересек адамдар маған "Қайтесің осыны, жассың ғой, уақытың алда, әзірге күте тұр. Қазір билікте басқа буын отыр, сендерге де уақыт келеді әлі" дейтін.
Менің ойымша, қазіргі жастардың санасына бәрі өздігінен өзгереді немесе бұл істі біреу келіп біз үшін жасайды деп күтпей, Қазақстанның демократиялық бағытта дамуы үшін белсенді болуымыз керек дегенді сіңіруіміз керек.
Азаттық: Оқыту әдістемесі туралы қысқаша айтып берсеңіз. Нақты қандай білім бересіздер және бұл жобаны кім қаржыландырады?
Ерсін Құдияров: Азаматтық білім беру курсы бес күндік бағдарламадан тұрады. Оның аясында жастар азаматтық белсенділік жайлы өте көп мәлімет алады. Тренинг түрінде өтетін интерактивті әдістеме тиімділігін көрсетті. Бұл әдістемені Қазақстанның барлық өңірінде қолданып көрдік. Бір курсты жүргізуге кемінде бес тәжірибелі жаттықтырушы қатысады. Курс жастарға азаматтық белсенді болудың, елді басқаруға араласудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге бағытталған.
Жобаны жүзеге асыруға Қазақстандағы АҚШ елшілігі шағын гранттық бағдарлама негізінде қолдау көрсетті. Қазір біз жобаның алғашқы жемісін көріп отырмыз. Алғашқы түлектеріміз тағылымдамадан өтіп, қазір әртүрлі ұйымдарда жұмыс істеп жүр.
Азаттық: Жыл сайын қоғамдық даму министрлігі дайындайтын "Қазақстан жастары - 2018" ұлттық баяндамасындағы деректерге сәйкес, сауалнамаға өңірлерден қатысқан екі мың жастың 44 пайызы "елдегі белгілі бір мәселелер оларды ашық наразылық көрсетуге мәжбүрлеуі мүмкін" екенін жасырмай айтқан. Жастар жылы деп жарияланған биыл да жастар арасында саяси реформаларды талап ететін наразы көңіл-күйдің өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай?
Ерсін Құдияров: 2019 жылы жастар жылын жариялау аста-төк формада өтті (ресми дерек бойынша, жастар жылының ашылуына 223 миллион теңгеден астам ақша бөлінген). Қазір жастар жылы кезектен тыс президент сайлауына байланысты екінші орында қалғанын көріп отырмыз. Бұл өте өкінішті. Мен бұл жылы жастар мәселелері көтеріліп, олардың даусы билікке жетеді және аталған мәселелерді шешу жолында көп жұмыс атқарылады деп үміттенген едім. Бірақ жастардың белсенділігі біртіндеп артып келе жатыр. Менің ойымша, белсенділік қазір [бұрынғыдан] әлдеқайда жоғары. Өйткені интернет пен ақпаратқа қолжетімділік дәуірінде жастар деректерді салыстырып, саралауды жақсы біледі. Олар ресми телеарнадан көрсететін ақпарат пен шынайы өмірде кездесетін жағдайдың екі түрлі екенін байқап отыр.
Азаттық: Аталған баяндамадан тағы бір дерек келтірейін. "Жастарды қоғамдық наразылық акциясына баруға итермелейтін негізгі себептерге медициналық мекеме қызметкерлерінің немқұрайдылығы мен кәсіби деңгейінің төмендігі; азық-түлік, жанармай мен дәрі-дәрмектің қымбаттауы; жұмыстан шығу; әділетсіз сот шешімдері; жалақы мен шәкіртақыны мерзімінен кешіктіру және баспана мәселесі жатады". Ал сіз Қазақстан жастарын толғандыратын қандай негізгі мәселелерді атай аласыз?
Ерсін Құдияров: Сіз атаған мәселелерді жастардың азаматтық белсенділігі жоғары болса, қиындықсыз шешуге болар еді. Жастар саясат объектісінен саясат субъектісіне айналуы керек. Бізде "саясат пен азаматтық және қоғамдық белсенділік жаман, ондай іспен тек оппозиционерлер айналысады" деген пікірді насихаттау басым. Шын мәнінде жастардың азаматтық белсенділік танытуы біраз мәселені шешеді. Мысалы, бізде көп балалы аналар мәселесі өзекті болып тұр. Олар пікірін білдіріп, проблема барын көрсетті. Қазір мемлекет белсенді түрде бағдарламалар қабылдап, қосымша әлеуметтік көмек пен баспана ұсынып жатыр. Бұл жастарға да елдің қоғамдық өміріне белсенді араласып, белгілі бір мәселелерге билік назарын аударуы, олардың шешуге ықпал етуі қажет екенін көрсетеді.
Азаттық: Жастар бастамалары туралы әңгіме қозғасақ. 2016 жылы сіз Семей тұрғындарына сайт арқылы туған қаласының мәселелерін көтеріп, оларды қалай шешіп жатқанын интернетте қадағалауға мүмкіндік беретін жоба бастадыңыз. Мен ол сайтқа кіруге талпынып көрдім, бірақ сайт ашылған жоқ. Бұл жоба жалғасып жатыр ма?
Ерсін Құдияров: Бұл GeoHunt.kz деп аталатын жоба болатын. Ол сәтті жүзеге асты және азаматтық белсенділікті көтеруге, оның ішінде жастармен жұмыс істеуге бағытталды. Біз үй жанында беті ашық жатқан кәрізді күнде көруіміз мүмкін. Оған балалар құлап түсуі мүмкін екенін де жақсы білеміз. Бірақ кәріз жанынан күнде өтіп жүрген азаматтардың басым бөлігі өзгені кінәлап, ашуланғанымен, мәселені шешуге келгенде ештеңе істемейді.
Кәріз жанынан күнде өтіп жүрген азаматтардың басым бөлігі өзгені кінәлап, ашуланғанымен, мәселені шешуге келгенде ештеңе істемейді
Жобаның мақсты - осы мәселелерге кезіккен адамдарға оларды шешу жолын көрсету еді. Дәл сол кәрізді, жолдағы шұңқырды, дұрыс орнатылмаған жол белгісін суретке түсіріп, біздің сайтқа жіберуге болатын. Ары қарай заңгерлеріміз "Жеке және заңды тұлғалар өтініштерін қарау тәртібі туралы" және "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңдарға сәйкес өкілетті органдарға шағымдар жіберетін. Кейде күніне 100-150 өтініш түсетін.
Нәтижесінде біздегі мемлекеттік органдардың мұндай көлемдегі шағым-өтініштерді қарауға дайын емес екенін көрдік. Олар ресми өтініштерге жауап беруге, мәселені шешуді қолға алуға міндетті. Басында бізге тек хатты алғандары туралы ғана жауап беретін. Біз бұл өтініштерді сайтымызға жариялап, прокуратураға өтініш бере бастағанда, азаматтардың шағымы әкімнің рейтингіне әсер ететіні белгілі болды. Шағым көп болған сайын, рейтинг те төмендей береді. Жоба қалада резонанс туғызды. Мемлекеттік органдар мұндай жұмыс форматының артықшылығын көрді де, осындай сайт ашып, өтініштерге жауап бере бастады.
Азаттық: Қазір жоба жұмыс істеп тұр ма?
Ерсін Құдияров: Жоқ. Біз үлгі жасап, жұмыс тәсілін көрсеттік.
Азаттық: Жастарды, тәуелсіз кандидаттарды мәслихатқа өткізбесе, азаматтар белгілі себептерге байланысты наразылық акцияларына шыққысы келмесе – шешім қабылдау процесіне әсер етудің басқа қандай жолы бар? Белгілі бір мәселеге азаматтық позициясын заңды жолмен білдіргісі келген жас не істеуі керек?
Ерсін Құдияров: Негізінен жастарға Қазақстанда атқаратын шаруа көп. Бұл дәл сол интернеттегі жұмыс, петициялар құру немесе қоғамдық акциялар өткізу болуы мүмкін. Мысалы, біз Семейде перфоманс өткіздік. Оған бұрыннан бар мәселе – студенттердің қоғамдық көлікте тегін жүруіне бюджет қаржысының жетпеуі әсер етті. Біз студенттік жол жүру билетінің моделін жасадық та, оны адамға кигіздік. "Жол жүру билетінің" артынан студенттер аялдамадан аялдамаға дейін жүгіріп отырды. Акция БАҚ-та кеңінен жазылды.
Азаттық: Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
Ерсін Құдияров: Билік бюджетке өзгеріс енгізіп, аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттердің шәкіртақысына жол ақысы үшін үстеме ақша қосатын болды. Бұл қол қусырып отырмай, белсенділік танытып, нәтижеге жетудің кішігірім үлгісі.
ПІКІРЛЕР