Accessibility links

Челлендж, хэштег, трек. Белсенді жастардың саяси оқиғаларға реакциясы


«Назарбаевтан – Шындыққа» челленджінің авторы азаматтық белсенді Темуджин Дүйсен (ортасында) жүгіріп барады. Алматы, 21 маусым 2019 жыл.
«Назарбаевтан – Шындыққа» челленджінің авторы азаматтық белсенді Темуджин Дүйсен (ортасында) жүгіріп барады. Алматы, 21 маусым 2019 жыл.

Жас суретшілер, ақындар мен белсенділер Азаттыққа елдегі саяси жағдай туралы пікірлерін айтты. Олар өнер мен белсенділік қоғамдық пікірге әсер етіп, «ахуалды өзгертеді» деп ойлайды.

Азаттық Қазақстанның қоғамдық-саяси кеңістігінде болып жатқан оқиғаларға қатысты түрлі шығармашылық бастама көтеріп жүрген жастармен сұхбаттасты.

«НАЗАРБАЕВТАН - ШЫНДЫҚҚА»

Темуджин Дүйсен – Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Ыбырай Алтынсарин даңғылына дейін жүгіру челленджінің авторы. Алтынсарин даңғылының бұрынғы аты «Правда» (қазақша «Шындық») болғандықтан бұл бастамасына «От Назарбаева к Правде» («Назарбаевтан – Шындыққа») деп ат қойған. Күн сайын не Темуджиннің өзі, әйтпесе челленджді қолдайтын басқа бір адам Назарбаев пен Абай даңғылының қиылысында жинала қалған топты бастап жүгіре жөнеледі. Жол-жөнекей әлеуметтік желілерде #назарбаевтаншындыққа және #шындықтанқашыпқұтылмайсың деген хэштегтерді бөлісіп жатады.

— Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков (Алматы марафоны кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген баннер ұстағаны үшін 15 тәулікке сотталған белсенділер – ред.) қамауда жатқанда осындай ой түсті. Оларды қолдау үшін көзге түсетіндей бір шара ұйымдастырғымыз келді. Сөйтіп «Назарбаевтан – Шындыққа» челленджі пайда болды. Бұл тренд көп адамға ұнайды, арнайы дайындалып, жүгіріп жүр. Жастары әрқилы — мектеп оқушыларынан бастап қырыққа таяғандарға дейін.

Қарай отырыңыз: Шетелдегі жастар баннер үшін қамалған жастарды қолдады (Сәуір айы, 2019 жыл).

Соңғы бірнеше жыл ішінде шетел кезіп, ел мен жер араладым. Чехияда үш жыл тұрған соң Қазақстанға қайтайын деп шештім. [Чехиядағы] бірінші жылы орыстілділермен араластым, аздан соң чехтермен және словактармен сөйлесе бастадым. Мұндай өркениетті өмірге аталары мен әжелерінің арқасында қолдары жеткенін көрдім. Осы бір шығармашыл кластерге айналған жастар өмірлерін одан ары жақсартуға көшкен. Академияларда күрделі оқу оқиды, жеке жобаларын ашады, мейрамханаларда екі ауысымда жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп босқындарға арналған емхана салысады, фашистерге қарсы митингіге шығады, әлеуметтік белсенділіктен қалмайды.

Қазақстанға қайту туралы ой бұрыннан бар еді. Чехтермен және словактармен араласқан соң бойыма батылдық бітті. Бірдеңе істеуіміз керектігін түсіндім... Мысалы, Алматыда кейбір адам жұмыс істеп, сауық құрғандай болып жүреді, бірақ ойлары – Америка мен Еуропада. Ал мен болсам, Алматы өз бетімен өмір сүрсе, жалғыз мен емес, көп адам акцияға шықса, жалпы үшін іс-шара ұйымдастырса деймін.

«ЖАСТАР ҚОЗҒАЛДЫ»

Сүйінбике Сүлейменова – суретші, арт-белсенді. Сәуірдің 21-інде өткен Алматы марафоны кезінде Сүйінбикені «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген баннер ұстап шыққан Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбековпен бірге полиция ұстап әкеткен. Сот Әсия мен Бейбарысты «бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды» деген айыппен 15 тәулікке қамау туралы үкім етіп, Сүйінбикеге 50 мың теңге айыппұл салған. Апелляциялық сот отырысы кезінде оларды қолдаушылар сот залында ауыздарын «ұят» деген жазу бар таңғышпен жауып отырды.

Сүйінбике Сүлейменова, арт-белсенді. 27 мамыр 2019 жыл.
Сүйінбике Сүлейменова, арт-белсенді. 27 мамыр 2019 жыл.

— Меніңше, жастар Қазақстан бойынша белсенді бола түсті. Бұл тенденцияны бұрын да көргенмін. Соңғы кездері адамдар қорқуды қойып, пікірлерін жариялап, [Нұрсұлтан] Назарбаевтың (Қазақстанның бұрынғы президенті – ред.) атын ашық айта бастады. Жастар жақында ғана жанданды. Бұл «ояну» халіне, «қазақ көктеміне» («араб көктемі» емес, «Прага көктеміне» теңеп отырмын) «Шындықтан қашып құтылмайсың» акциясы түрткі болды. Бұл баннерге биліктің «алабөтен» реакция танытуы оның көркемдік мәнін арттыра түсті деп ойлаймын.

Қарай отырыңыз: Алматылық жастар «Oyan, Qazaqstan» қозғалысын құрды. (5 маусым 2019 жыл).

"Саяси жүйенің өзгергенін қалайтын" жастар қозғалыс құрды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Қазір сайлаудың алдында құқық қорғаушы Татьяна Чернобильмен бірге Қазақстандағы жұмыс орны мен оқу орнында болып жатқан адамдарды нақты бір кандидатқа дауыс беруге мәжбүрлеу немесе оны насихаттау мәселесімен шұғылданатын болып шештік. Кейбірі қандай да бір кандидаттың үгіт-насихатын жүргізу үшін өздерінен ақша алынғанын айтады. Осындай оқиғаларды бастан кешкен адам аты-жөнін көрсетпей жағдайын сипаттайтын сауалнама формаларын әлеуметтік желілер мен мекемелер арқылы таратып жатырмын.

«МУЗЫКА САЯСАТТАН ТЫС ЕМЕС»

Руслан Якупов – шығармашыл продюсер, Qazaq Indie атты Қазақстандағы тәуелсіз музыканттардың бірлестігінің негізін қалаушы. Концерттер ұйымдастырып, жас андеграунд музыканттарды қолдайды.

- 2016 жылы досым Динара «ВКонтакте» желісінде паблик топ ашып, таныла қоймаған қазақстандық музыканттар бас қоса бастады. Бұл идея тез тарап, адамдар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жазбалар жіберді. Белсенді түрде жұмыс жасап, Алматыда бас қосып, соңғы бір жарым жылда 20 концерт қойдық, театрлармен эксперимент жасадық. Қыз-жігіттердің көбі кәсіби музыкант емес. Өз стильдерін тауып, музыка арқылы көзқарасын білдіріп жүргендер.

Продюсер Руслан Яукпов. 3 маусым 2019 жыл.
Продюсер Руслан Яукпов. 3 маусым 2019 жыл.

Андеграунд музыкаға деген құмарлық қарсылықтан туады. Соңғы уақытқа дейін адамдардың көбі саясатқа қатысымыз жоқ деп келді. Бір түрткі қажет еді, Әсия мен Бейбарыс сияқты достарымыздың басына мынадай іс түсуі түрткіге айналды. Олар да музыканттар. Мысалы, Әсия —We Have To Now тобының жетекшісі.

Мұндай қозғалыс басталғанда «Мұндай нәрсені айтпай-ақ қояйықшы, музыкамен айналысып жүре бермейміз бе?» дейтіндер шығады. Бірақ ешнәрсе, әсіресе, музыка саясаттан тыс бола амайды. Қазір бізді нақты бір көзқарасты әдейі таратып жүр деп санайтын пікірлер бар. Өйткені бұған дейін саяси оқиғаларға қатысты [әлеуметтік желілерде] мұндай постылар жазылмаған, Instagram-да жазбалар болмаған. Біз реакция танытып жатырмыз, өйткені парақшамызға жазылған адамдардың алдында жауапкершілігіміз бар. Мынау – дұрыс, мынау – бұрыс демейміз, болып жатқан жағдайды ғана көрсетеміз. Жас аудиториямыздың ішінде «ұйқысынан оянғандардың» көп екенін білеміз.

Біз үшін Желтоқсан атты қолданушы айтқан «Алысқа» әні гимнге айналды. Өткенді, қазірді, қайда баруымыз керектігін сипаттайды. «Опиа» тобындағы достарымыздың «Я умираю в Нур-Султане» («Мен Нұр-Сұлтанда өлемін») композициясы да елеулі нәрсе.

Жігіттер музыкамен енді ғана айналыса бастаған, мына әндері көктемнің бір әнұраны болды. Жеке пікірім бойынша, бұл әнде шарасыздық сипатталады. «Не боп жатыр?» деп сұрағың келеді. Бұл жігіттер саяси белсенді емес, музыканы құрал қылғандарға жатпайды. Сол себепті әндері қарапайым және шынайы болып шыққан.

«САЯСАТТЫ БІЛУ КЕРЕКТІГІН БӘРІ ТҮСІНДІ»

Арина Осиновская – феминист, KazFem тәуелсіз тобының мүшесі. Бұл топ қазақстандық әйелдердің құқықтарын қорғап, олардың мәселелеріне көптің назарын аударады.

— [Қазақстанда] экономикалық мәселелерден бөлек зор әлеуметтік және мәдени мәселелер бар. Әйелге «Орның – осы, шектен шықпа» деп сөйлейтін қоғам түрлі стереотипке толы. Үлгілі қыз, үлгілі келін, үлгілі әйел болуың керек. Көп бала тәрбиелеуге тиіссің, сосын көп балалы ана ретінде құқықтарың тағы аяқасты болады. Қазақстандағы әйелдердің мәселесін қысқаша сипаттасақ, осылай болып шығады.

Болып жатқанның бәрі – заңды процесс. [Азаматтық белсенділікті] көрсе, бәрі таң қалады. Қоғам көнбіс болып кеткен ғой. Меніңше, шешім қабылдай алатын белсенді буынның жасы өзгерді. Мысалы, 2000 жылы туғандар дауыс бере алады. Бірақ оларды Совет Одағында туған әке-шеше тәрбиелеген. Бірақ бұл жастар қорқып-үркіп ер жетпеген, көзқарастары басқа. Ата-аналарымен салыстырғанда сындарлы ойлау қабілетін қалыптастыратындай приоритеті мен мүмкіндігі бөлек, ақпараттық еркіндігі көбірек.

Болып жатқан жағдайдың бәріне белсенді түрде үн қосам. Соттарға барып, интернетке жазам, бұрын бойкотты жақтасам да, қазір сайлау тақырыбын көтерем. Қазіргі жас азаматтық қоғам саяси өзгеріссіз ештеңе болмайтынын түсінді. Саясатпен шұғылдану керектігін ұқты.

"Шындықтан қашып құтылмайсың" баннері үшін әкімшілік жазаға тартылған белсенді Сүйінбике Сүлейменованың сотына оны қолдап келген жастар. 16 мамыр 2019 жыл.
"Шындықтан қашып құтылмайсың" баннері үшін әкімшілік жазаға тартылған белсенді Сүйінбике Сүлейменованың сотына оны қолдап келген жастар. 16 мамыр 2019 жыл.

Әлбетте, елдің жағдайын бақылап отырған, көздері үміттен жанып тұрған өзімнің ортам туралы ғана айта алам. Маусымның 9-ынан кейін кенет бәрі өзгеріп кетпейтініне бәрі сенеді. Бірақ маңызды өзгеріс сәтінің жақындағаны, әсер ете алатынымыз бәрібір сезіледі. Бірден бола қоймаса да, қоғамдық пікірге ықпал ете аламыз.

«БЕЛСЕНДІ ЕМЕСПІН»

Ақын Әнуар Дүйсенбинов диджей Рүстем Мырзахметовпен бірге «Балхаш снится» тобын құрған. Әнуардың шығармашылығынан әлеуметтік және саяси тақырыптар көрінеді. Ал автор шығармашылығына мұндай сипатты әр оқушы өз түсінігіне сәйкес бітіреді деп біледі.

— Кәсібіне деген көзқарасы маған ұқсайтын композиторды көптен іздеп жүргем. Рүстем Мырзахметов дәл осындай – талантты, ашық, кең әрі қағылез болып шықты. Бұл жоба арқылы аудитория мені тыңдаса және түсінсе деген мақсатыма жеттім. Әуен мен поэзия тең танылатындай қылдық.

Әнуар Дүйсенбинов.
Әнуар Дүйсенбинов.

Белсенді емеспін, шығармашылығымды активизм деп қарастыруға келмейді. Мені #менояндым хэштегімен тегтейтін болыпты. Өзіміздің #balkhashdreaming хэштегі де бар. Жұрттың «Рухани кенгуру» (мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мысқылдау – ред.) атты әнімізді, «Опиа» тобының «Я умираю в Нур-Султане» және Виктор Цойдың «Перемен» әнін, көлік кептелісі кезінде «модернизация 2.0» деген әнімізді тыңдайтынын байқадық. Адамдарды шабыттандырып, разы қылып жатса, қуанбағанда қайтем.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG