Accessibility links

Білім және ғылым министрі отставка туралы айту әлі ерте деп санайды


Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова әзірге отставкаға кетпейтінін айтты. Осы апта ортасында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваға қарсы сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді. Ұлттық бюро мамандары әзірге істің толық мән-жайын айтпады. 5 маусымда Нұр-Сұлтан соты Суханбердиеваны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Оған қандай айып тағылғаны белгісіз.

"Егер Суханбердиеваны кінәлі деп тапса, отставкаға кетесіз бе?" деген Informburo.kz тілшісінің сұрағына министр "әзірге ештеңе айтпаймын, уақыт көрсетеді. Бірақ президенттің соңғы жолдауын ескерсек, онда бұл мүмкін шығар" деп жауап берген.

Қазақстанның ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мамыр айының аяғында "алаяқтық" бабы бойынша кінәлі деп танылған қарамағындағы департамент басшысына шыққан сот үкімі күшіне енген кезде отставкаға кететінін хабарлаған. 29 мамырда Нұр-Сұлтан соты кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповты үш жылға бас бостандығынан айырған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында елде "асқынып" кеткен жемқорлықпен күресу қажеттігін алға тартқан. Ол қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық жасаса, мемлекеттік орган басшылары отставкаға кетуі тиіс деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG