Қазақстан билігі сайлауалды үгіт-насихат кезінде "санаулы ғана заң бұзушылықтарды" анықтаған. Бұл туралы 8 маусымда Орталық сайлау комиссиясында өткен жиында бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев айтты.
Прокуратураның дерегінше, үгіт-насихат кезінде негізінен заңсыз бірнеше сауалнама жүргізілген. Прокуратура сайлау алдында заңсыз сауалнама жүргізу бойынша жеті әкімшілікі іс қозғалған. Дембаев «бес жыл тәжірибесі бар компаниялар ғана жүргізе алады. Сауалнама жүргізер алдында Орталық сайлау комиссиясынан жазбаша рұқсат алу керек» дейді.
Бас прокурор орынбасары Дембаев науқан кезінде үгіт-насихат материалын әдейі бүлдіргені үшін Нұр-Сұлтан тұрғынына 15 айлық есептік көрсеткіш (37800 теңге) көлемінде айыппұл салынған.
"Кандидаттан немесе оның сайлауалды штабынан шағым түскен жоқ" деді Дембаев. Прокуратура өкілі үгіт материалдары бүлінген кандидаттың есімін атамады.
11 мамыр күні елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталған. Үгіт жүргізу жұмыстары 7 маусым түнде аяқталады. 8 маусым – сайлау алдындағы тыныштық күні.
Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, биылғы сайлауға 1013 бақылаушыға аккредитация берілген. Президент сайлауын тоғыз халықаралық ұйымнан 866 адам және 41 шет мемлекеттен 147 бақылаушы қадағалайды.
ПІКІРЛЕР