9 маусымда Алматыдағы "Астана" алаңында полиция жүзге жуық адамды ұстады. Бұл туралы қазақстандық Holanews.kz және Vlast.kz сайты хабарлады.
Алаңға жиналған жүздеген адам кезектен тыс президент сайлауына қарсы шықты.
Алаңда тұрған полиция мен арнайы жасақ "Бойкот", "Масқара" деп айғайлап тұрғандарды шетінен ұстап әкетті. Vlast.kz сайты полиция ұсталғандарды Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне апарғаны хабарлады.
Полиция алаңнан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы да департаментке әкетті. Тілшінің қолында құжаттары және редакция тапсырмасы болған. Троценко оның алдында алаңда полицияның ондаған адамды ұстап жатқанын көрген.
Тілшімен автобуста отырғандар "Бойкот!" "Бостандық!" деп айғайлағаннан кейін полицияның қолдарын қайырып ұстағанын айтты.
Полиция бір-екі сағаттан соң Азаттық тілшісі Петр Троценконы босатты. Алматы қалалық полиция департаменті мен ішкі істер министрлігі оқиғаға байланысты әзірге түсініктеме бермеді.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.
Фото: Алматыда полиция сайлауға қарсы шыққандарды қалай ұстады?
ПІКІРЛЕР