10 маусым күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қала тұрғыны Айдарбек Өтегеновті бес тәулікке қамау туралы қаулы шықты. Судья Жанна Нұрғалиеваның қаулысына сәйкес, Өтегеновке "полиция талабына бағынбау" (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667 бабы) бойынша айып тағылған.
Сот ғимаратына Азаттық тілшісі барғанда Өтегенов соты өтіп жатты, бірақ судья процеске ақпарат құралдарын кіргізбеді. Процесс жарты сағатқа созылды. Сыртқа екі полицей қызметкерлерімен бірге шыққан Өтегоновтың өзі қаулымен келіспейтінін, өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтты.
- Мен саябақтың ішінде кетіп бара жатқанда төрт полиция жүгіріп келіп, қоршап алды да машинаға сүйрелеп алып барды. Мен өзім түсінбей қалдым, машинаның ішінде қалтамдағы құжаттарды өздері алып алды. Маған не үшін ұстағандарын да айтқан жоқ. Сот "полицейлер адамдар көп шоғырланған я наразылық болған жерде олар (полицейлер) ешнәрсе түсіндірместен алып кете алады" деп айтты, - деді Өтегенов.
59 жастағы Айдарбек Өтегеновтің Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына 9 маусым күні күндізгі сағат 12-ге таман жеткізілгенін осы басқарма қызметкері Еділ Хамит Азаттыққа растады. Оның сөзінше, Өтегенов таңертеңге дейін полиция бөлімшесінде болып, 10 маусымда таңертең сотқа жеткізілген. Екі қызметкер Өтегеновті бес тәулікке әкімшілік құқық бұзғандарды қамайтын арнайы мекемеге алып кетті.
Бұдан бөлек, осы сотта Ғалия Қожбанованың да ісі қаралды. "Алаңның жанындағы дүкенге құрбысымен бара жатқан" оны да Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне түсте жеткізіп, түнгі сағат 1-ден аса босатқан. Сот оны ақтау туралы шешім шығарды.
- Мені митингке қатысты ұстап, сотқа әкелді. Мұнда іске қатысты видеоны көрсетті ондағы әйел мен емес екенімді айттым. Судьяның да ол адам мен емес екеніне көзі жетіп, босатты, - деді Ғалия Қожбанова.
10 маусымда әкімшілік сотының алдында сайлау күні ұсталып, түрлі полиция бөлімшесінде болған бес-алты адам жиналды. Азаттық тілшісімен әңгіме барасында олар 10 маусымға қараған түні Жетісу аудандық полициясында қырыққа жуық адам болғанын, Алатау аудандық полиция бөлімшесінде 45 адам болғанын айтты. Сөздерінше барлығына түнгі 12-ге таман судья келіп, істерін жеке-жеке қараған. Әзірге қанша адам әкімшілік жазаға тартылғаны белгісіз, олар өздерінің ортақ чаттарында "алты-жеті адамды қамап қойғаны туралы хабар алған".
Астаналық адвокат Аманжол Мухамедияровтың айтуынша, 10 маусым түнде Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде ұсталған екі азамат бес тәулікке қамалған. Оның айтуынша, бір азаматқа - "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап), екіншісіне "полицияға бағынбау" (667-бап) бабы бойынша айып тағылған. Алматы аудандық полиция басқармасында өткен сот таңертеңгі 7-8-ге дейін жалғасқан.
Оның айтуынша, түнде бұл бөлімшеде 50 шақты ұсталған азамат болған. Соты болып үлгермеген азаматтардың соттары бүгін жалғаспақ.
Адвокат бүгін таңертең Facebook-тағы парақшасында "Қазір ғана соттан келдім. Онда 50 шақты адам бар, екі кабинетте соттар өтіп жатыр. Судья мен прокурор отырған кабинетке кезек-кезек адамдарды кіргізіп жатыр. Прокурор екі ғана сұрақ қояды: мүгедектігің бар ма және жасың қаншада? Содан соң сот тұрады да, қаулысын оқиды. Барлығын-дерлік әкімшілік қамауға алып жатыр" деп жазған. Бұған дейін кейбір құқық қорғаушылар ұсталғандар сотына адвокаттарды кіргізбегенін айтқан.
9 маусымда президент сайлауы болған күні Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға бойкот жариялайтындықтарын айтты. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп екенін айтады.
Қарай отырыңыз: Сайлау күнгі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ұстаулар (9 маусым 2019 жыл).
Құқық қорғаушылар мен белсенділердің дерегінше, 10 маусымға қараған түні Алматы мен Нұр-Сұлтандағы полиция бөлімшелерінде көшпелі сот болып, ұсталғандарды әкімшілік жазаға тартқан. Бірақ әзірге нақты қанша адамның сотқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Нұр-Сұлтанда ұсталғандардың бір бөлігін қала аумағынан тыс жаққа алып кеткені хабарланды.
10 маусымда да полиция Алматыда 30-ға жуық азаматты ұстады. Олардың арасында белсенді Әсем Жапишева да бар. Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, қала орталығында 6 адамды ұстаған.
ПІКІРЛЕР