Қазақстан ішкі істер министрлігі 9-10 маусымда елде бірнеше жүз адам ұсталғанын хабарлады.
"Наразылықтың бірінші күні 500-дей адам ұсталды, соның шамамен 400-дейіне әкімшілік хаттама толтырылды. Екінші күні 200-ге жуық азамат ұсталып, оның 150-іне хаттама толтырылды" деп хабарлады 11 маусымда ішкі істер министрілгінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Оның мәлімдеуінше, 9-10 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматыда болған рұқсат етілмеген шеруді елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жақтастары өткізген.
"Әлеуметтік желілер мен өзге де ақпарат құралдарын пайдаланып, азаматтарымызды шеруге қатыстыру арқылы түрлі құқық бұзушылыққа итермеледі. Соның арқасында азаматтар көшеге шығып түрлі жағдайлар болды, мәселен, біздің үш қызметкер жарақат алды, екеуіне тас тиді, біреуінің көзін шығарды. Бұл 10 маусымда да қайталанған болатын, біз барынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырысқанымызбен заңбұзушылық болды. Қазіргі таңда заң бұзған азаматтардың барлығы ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың заң бұзғанына қатысты біз әкімшілік жаза қолданып, қалғандары профилактикалық жұмыс жүргізілгенен кейін үйлеріне жіберілді", - деді ресми өкіл.
Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан мен ІІМ бөлімшелері сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылғанын айтты.
"Нәтижесінде азаматтар президент сайлауы кезінде еркін түрде дауыс берді. 9 903 сайлау учаскесінің бірде бірінде қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ" деді министр орынбасары.
Ол Алматыда дүйсенбінің кешінде ұсталған айтыскер Ринат Зайытов жайлы да айтты. Қожаевтың сөзінше, "рұқсатсыз жиналғандар прокурор ескертуін елемей, тарқамай қойған соң полиция бөлімшесіне жеткізіліп, әкімшілік жазаға тартылған". Бірақ ол қанша адам ұсталып, қаншасы әкімшілік жауапқа тартылғанын нақтыламады.
Бұған дейін Нұр-Сұлтанда 9-10 маусымда ұсталған азаматтарды уақытша оқшаулау изоляторына сыймағандықтан өзге қалаларға жіберіп жатыр деген ақпарат тараған. Марат Қожаев бұл ақпараттың рас екенін айтты.
- Ішкі істер органдары жазаға тартылған азамат қай бөлімшеде жазасын өтейтінін өз бетінше белгілейді, бұған сәйкес нормативті акт бар. Сондықтан біз (қаладан өзге жерлерге) апардық. Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық адамды Қарағанды мен Ақмола облысына алып бардық, - деді ішкі істер министрінің орынбасары.
9 маусымда Алматыда полиция кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіріп "Астана" алаңы маңына жиналған жүзге жуық адамды ұстаған. Алматыда 10 маусым күні де азаматтарды ұстаған.
ПІКІРЛЕР