15 маусымда Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау елді мекенінде 1922-1938 жылдары Совет одағы орталық атқару комитетінің төрағасы болған Михаил Калининге орнатылған екі ескерткіш құлатылды. Шараға ауыл әкімдігінің қызметкерлері, "Нұр Отан" партиясының Талғар аудандық филиалының өкілдері, "Желтоқсан ақиқаты" ұйымының өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "Желтоқсан ақиқаты" ұйымының өкілдері жалдаған кран ауылға кіре беріс жердегі Алматы - Талғар күре жолының бойына орнатылған тастан тұрғызылған Калинин ескерткішін құлатты. Кейінірек ауылдың мәдениет үйінің алдындағы гипстен жасалған ескерткішті алды.
"Нұр Отан" партиясының осы ауылдағы өкілі Бектеміс Мұсахановтың сөзінше, бұған дейін ауыл әкімі, ауыл ақсақалдары, маслихат депутаттары және "Желтоқсан ақиқаты" ұйымының өкілдері жиын өткізіп, ауылдағы Калинин ескерткішін алып тастау туралы шешім шығарған. Бұл шешімді облыстық және республикалық Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция мақұлдаған.
Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаеваның сөзінше, Калинин ескерткішінің орнына Алаш көсемдерін ұлықтайтын монумент қойылатынын айтты.
Ақпарат бойынша, бұл ескерткіштер 2003 жылдан бері мемлекет қарауындағы ескерткіштер тізімінен алынған. Бірақ жылдар бойы орнынан алынбай келген.
2018 жылы мамыр айында Ақтөбеде әкімдік шешімімен совет кезінде Қазақстанды басқарған Левон Мирзоян ескерткіші тұғырынан алынған еді. Оның алдында Мирзоян көшесіне Әлихан Бөкейхановтың есімі берілген.
Қарай отырыңыз: Тұғырынан түспеген большевиктер ескерткіші (31 мамыр 2019 жыл).
ПІКІРЛЕР