Ұлыбританияның Вестминстер соты 14 маусымда Уикиликс (WikiLeaks) жобасының негізін қалаған Джулиан Ассанжды АҚШ-қа экстрадициялау ісі бойынша тыңдауды 2020 жылдың ақпан айына дейін шегерді. Қазір Ассанж Ұлыбританияда кепілмен босап шығу шарттарын бұзғаны үшін түрмеде отыр. Ол жазасын 50 аптадан кейін өтеп бітеді. Тек содан кейін ғана тыңдау жалғасады.
"Құпия ақпараттарды жариялаумен" танымал болған Уикиликс жобасының авторы Джулиан Ассанжға АҚШ-та 17 айып тағылған. Олардың арасында "тыңшылық" бабы да бар. Заңгерлер оған 175 жыл жаза берілуі мүмкін деп болжайды.
Оған тағылған басты айып тыңшылық туралы заңды бұзу яғни, Пентагонның құпия әскери және дипломатиялық және мемлекеттік департаментке тиесілі құжаттарды жария етумен байланысты. Онда АҚШ-тың Ауғанстан және Ирактағы соғысы жайлы мыңдаған құпия құжат бар. Арасында бейбіт тұрғындардың жапа шегуі жайлы мәліметтер де бар.
Өзін АҚШ-қа жібермес үшін Ассанж бірнеше жыл Лондондағы Эквадор елшілігінде тұрды: бұл мемлекет оған уақытша саяси баспана берген. 2019 жылы 11 сәуірде британ полициясы оны елшілік ғимаратынан ұстап алып кетті.
2012 жылы Швеция Ассанжға жыныстық бопсалау бабы бойынша айып тақты. Оны бұл бап бойынша Ұлыбританияда да ұстаған. Бірақ қорғау тарабы оның кепілмен босап шығуына қол жеткізген. Ол кепілмен босап шыға сала босап шығу шарттарын бұзып, Эквадор елшілігіне барып тығылды.
ПІКІРЛЕР