Accessibility links

"Митингке рұқсат бермеген" әкімдікті сотқа берген белсендінің шағымын жартылай қанағаттандырды


Белсенді Санавар Закирова және оның сотта құқығын қорғаушы заңгер Маржан Аспандиярова сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 19 маусым 2019 жыл.
Белсенді Санавар Закирова және оның сотта құқығын қорғаушы заңгер Маржан Аспандиярова сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 19 маусым 2019 жыл.

Астана апелляциялық соты белсенді Санавар Закированың Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің "митинг өткізуге рұқсат бермеу" туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы өтінішін жартылай қанағаттандырды.

Сот "митингке рұқсат бермеу" туралы әкімдіктің шешімін заңды деп таныған Сарыарқа аудандық сотының шешімінің күшін жойды. Істі бірінші инстанцияда жаңа сот құрамымен қарауды қаулы етті. Бірақ әкімдіктің де шешімін заңсыз деп тануды сұраған Закированың өтініші қанағаттандырылмады.

Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова сот шешімін бірінші инстанцияға қайтаруды мүлдем бас тартқаннан гөрі тәуірлеу деп санайды. Оның сөзінше, бұл жаңа президенттің митингілерге рұқсат беру туралы сөзіне қолдау білдіру мақсатында ғана шығарылған шешім.

- Сот корпусының жеке шешім қабылдайтындай әлі жоқ. Ал бүгінгі шешім кешегі жаңа президенттің айтқанына берілген жауап қана. Алдымен бүкіл заңды өзгерту керек болса да, олар тығырықтан шығу үшін осындай қадам жасады. Яғни, шешім заңсыз әрі толық кері қайтаруға жатса да оны cот бірінші инстанцияға қайта жіберіп отыр, - деді Маржан Аспандиярова Азаттық тілшісіне.

Санавар Закирова 2018 жылдың аяғында 6 қараша мен 25 желтоқсан арасында "Жерұйық" паркінде митинг өткізуді сұрап, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне өтініш түсірген. Бірақ жергілікті билік ол жерде мұз қалашығы салынатынын айтып, оның өтінішін қабылдаудан бас тартқан. Бұл шешімге наразылық білдірген Санавар Закирова Сарыарқа аудандық сотына шағымданған еді. Алайда аудандық сот әкімдікті қолдап қаулы шығарған.

19 маусымда өткен сотта жауапкер Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі бірнеше сурет көрсетіп, былтыр ол маңда мұз қалашығының құрылысы жүргенін айтып, дәлелдеуге тырысты. Бірақ шағым түсіруші Санавар Закирова ол суреттерде ешқандай мұз қалашығының жоқтығын және олардың қайда, қашан түсірілгені белгісіз екенін айтып, наразылық білдірді. Оны қолдаған құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова "әкімдік өздерінің заңсыз шешімдерін ақтау үшін жалған фотолар ұсынуға дейін барып отыр" деп айыптады.

Әкімдік өкілі белсендінің арызын қанағаттандырмауды сұрады. Оны іске қатысқан прокурор Ақмарал Байзанова да қолдады. Істі судья Г. Рахметова қарады.

Қазақстанда бұған дейін де осыған ұқсас істер қаралған. Бұған дейін белсенді Әлнұр Ильяшев 2018 жылы күзде бірнеше рет өтініш жасаса да, митинг өткізуге рұқсат бермеген Алматы әкімдігін сотқа берген еді. Сот оның шағымың қанағаттандырмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG