Accessibility links

Тбилисиде полиция мен наразылар қақтығысып, ондаған адам жапа шекті


Грузия парламенті ғимаратының алдындағы наразылық. Тбилиси, 20 маусым 2019 жыл.
Грузия парламенті ғимаратының алдындағы наразылық. Тбилиси, 20 маусым 2019 жыл.

20 маусым күні Грузия астанасы Тбилисиде парламент ғимаратының алдында өткен митинг кезінде полиция наразыларға резеңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ шашқан. Азаматтардың кейбірі оқиға орнынан кеткенімен ереуілшілердің тағы бір тобы "Масқара!" деп айқайлап, ғимарат алдында қалды. Олар парламент ғимаратына кірмек болғанымен, полиция наразыларға кедергі жасады.

Мұнан соң кейбір наразылар мен полиция қақтығысып қалып, ондаған адам жапа шекті. Грузия денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 14 наразы азамат пен 38 полицей жарақат алған.

Наразылық 20 маусымда кешке басталған. Он мыңға жуық адам Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың Грузия үкіметаралық православие ассамблеясының отырысына қатысқанына наразылық білдірген. Гаврилов негізінен ассамблея президенті, бірақ оппозиция өкілдері мен белсенділері оның елге кіріп, Грузия парламенті ғимаратында ассамблея жиынын өткізгеніне наразы болған. Тбилисиге келмес бұрын депутат Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияны мойындау туралы шешімі өзгермейді деп санайтынын айтқан.

20 маусымда таңертең оппозициялық партиялар парламент ғимаратын қоршап, ассамблея жиынын өткізуге кедергі жасаған. Белсенділер ресейлік депутаттар тұрып жатқан қонақүйді қоршағанымен, полиция оларды қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Қонақүйден шыққан Гавриловқа наразылар су шашып, қарсылық білдірді. Мұнан соң ресейлік шенеуніктер елге қайтуға мәжбүр болды.

Видео: Азаттықтың Грузин қызметі наразылықтан тікелей хабар таратқан

Наразылықты Грузияның оппозициялық партиялары ұйымдастырған. Олар парламент төрағасы мен ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап еткен. Бірақ парламент төрағасы Ираклий Кобахидзе қызметінен кетпейтінін айтты.

Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили полицияны наразыларға қосылуға шақырды.

Абхазия мен Оңтүстік Осетия 2008 жылы Ресей мен Грузия арасында болған әскери жанжалда Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей Грузияның жікшіл аймақтарындағы әрекетін "бітімгершілік операциясы" деп атаған. Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу екі аймақты тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырған. Ресейден басқа оларды тәуелсіз ел деп бес мемлекет мойындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG